Францияда COVID-19 вакцинасының алғашқы дозасын 10 миллионнан астам тұрғын алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі кезде 10 миллионнан астам француздық коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алды. Бұл туралы бейсенбі күні Франция премьер-министрі Жан Кастекс Валь-де-Марн департаментінде (Иль-де-Франс астаналық аймағы) вакцинация орталығына барған кезде хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біз вакциналау қарқынын ойлағанымыздан бір аптаға тездеттік», – деді Кастекс. Республика Үкіметінің Twitter-дегі парақшасындағы жазбасын келтірер болсақ, ол былай деді: «Қазірдің өзінде 10 миллионнан астам француз вакцинаның алғашқы дозасын алды».

Бұған дейін Франция билігі 10 миллионға жуық французды, яғни ел халқының шамамен 15%-ын 15 сәуірге дейін егеді деп күткен. Қазір Францияда вакцинаның екінші дозасын 3 миллионнан астам адам алды.

«Бұл өте жақсы қарқын. Франция белсенді вакциналауда және оны коронавирусқа қарсы күрестегі басты міндеті деп санайды», – деді Кастекс. Премьер медициналық қызметкерлерге коронавируспен күресу науқанына күш салғаны үшін алғыс айтты. «Аптасына жеті күн бойы барлық медицина қызметкерлері халықты вакцинациялауға жұмылдырылды», – деді француз министрлер кабинетінің басшысы.

Биліктің мәліметінше, Францияда осы уақытқа дейін 4,8 миллионнан астам коронавирус инфекциясы тіркелген. Індет салдарынан 97 мыңнан астам адам қайтыс болды. Соңғы жеті күнде Франция ауруханаларына 13 мыңнан астам науқас түсті, оның 5 мыңнан астамы реанимация бөлімшелерінде жатыр.


Соңғы жаңалықтар