Фотошолу: 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қандай шараларға қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатқаннан кейінгі алғашқы мереке. Президенттіктен кеткен соң да, Елбасы қоғамдық шараларға белсене қатысуға тырысады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ҚазАқпарат агенттігі 2019 жылы Елбасы қатысқан шараларға шолу ұсынады.

2018 жылдың қазан айында Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Ал 23 қаңтарда Тұңғыш Президент «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты шарада түрлі салада жетістікке жеткен белсенді жастарды тыңдап, «Жас кәсіпкер», «Жас маман» бағдарламалары, жастарға арналған баспана, ауыл жастары, жас ғалымдар гранты сынды маңызды бастамаларды көтерді.

19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы халыққа үндеу арнап, президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Сәйкесінше, Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат ретінде сол кездегі Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім білдірді.

20 наурызда Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына ант беру рәсімі өтті. Салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа «Алтын жұлдыз» орденін тапсырып, «Халық қаһарманы» атағын берді. Сонымен бірге, Тұңғыш Президентке монумент орнатуды, Назарбаев есімін облыстық қалалардың орталық көшелеріне беруді және Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгертуді ұсынды.

21 наурызда ЭКСПО аумағында ұйымдастырылған Наурыз мейрамына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев бірге қатысты. Тұңғыш Президент шаңырақ көтерген елордалық жастарға бата беріп, елдегі тыныштықтың сақталуын, әрбір отбасының өсіп-өркендеуін тіледі.

Сәуір айының басында Елбасы туған жері Шамалғанға барды. Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралап, ауылдастарымен кездесті. Содан кейін Шамалған кентіндегі дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын тексерді. Бұқаралық спортты дамытуға арналған бұл кешен құрылысы Елбасының тікелей қолдауымен және оның жеке қаражатына салынуда.

23 сәуірде «Nur Otan» партиясының XIX съезінде Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевты «Nur Otan» партиясынан ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсынды. «Nur Otan» партиясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді.

29 мамырда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы атағы берілді.

9 маусымда Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан №58 сайлау учаскесінде дауыс берді.

6 маусымда ҚР Парламенті Сенатында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» төсбелгісі мен куәлігі табысталды.

21 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда келешек ұрпаққа арналған уақыт капсуласын қалады. Бұл капсула 30 жылдан кейін 2049 жылдың 22 маусымында ашылуы тиіс.

12 маусымда Елбасы жаңадан сайланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсіміне қатысты.

21 тамызда ҚР Тұңғыш Президентінің төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Елбасы ЖОО-дағы парақорлық, шенеуніктердің ашық болмауы, БАҚ-қа қысым көрсету сынды өзекті мәселелерді көтерді.

29 тамызда «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының» иегерлерін марапаттады. Аталған сыйлық Елбасының 2016 жылғы сәуірде Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік саммиті барысында жарияланған «Әлем. XXI ғасыр» манифесі идеяларына орай бекітілген.

7 қыркүйекте Елбасы жұмыс сапарымен Ресейге барып, Мәскеудегі қала күні мерекесіне арналған мерекелік концертке қатысты.

24 қыркүйекте Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV кеңесінде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, жаңа әліпби, халықаралық құжаттар және бейбітшілік туралы әңгімеледі.

15 қазанда Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің мәжілісінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі әлемінің Жоғары Орденімен марапатталды.

Сол күні Елбасы Түркі Кеңесі VII Саммитінің делегация басшыларымен кешкі асқа қатысты.

22 қазан күні Нұрсұлтан Назарбаев Жапония императоры Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысты. Елбасын салтанатты рәсімге Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэ арнайы шақырған болатын.

Жапония сапарында Нұрсұлтан Назарбаевқа Цукуба университетінің құрметті докторы атағы берілді.

Ал 24 қазанда ҚР Тұңғыш Президенті Қазақстанға келген танымал теннисшілер Рафаэль Надальмен және Новак Джоковичпен кездесті. Спортшылар Тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевқа автограф қойылған жейде сыйлады.

25 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті.

22. Қарашаның басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, жаңарған Түркістанды аралады.

25 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы облыстық филиалдарының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Елбасы белсенді мүшелерді «Nur Otan» партиясының дамуына қосқан үлесі үшін «Белсенді қызметі үшін» медалімен марапаттады.

Соңғы жаңалықтар