Флорист: Гүл таңдауда түстер үйлесіміне мән беру керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көктемнің алғашқы мерекесі - 8 наурыз қазақстандықтар үшін өте ыстық. Бұл күні еліміздің барлық әйелдер қауымы ерекше мерекелік көңіл- күймен жүреді. Оларды отбасы, сүйіктілері, әріптестері, кейде көшеде кетіп бара жатқан бейтаныс адамдар да құттықтайды. 8 наурызда әйелдер ерекше құлпырып, жақындарынан сыйлық алуға дайындалады.

Дәстүрлі түсінікте бұл мереке гүл шоқтарымен байланыстырылады. Бұл күні шоқ шоқ-шоқ гүл ұстаған қыз-келіншектер саны арта түседі. Олардың қолдарындағы гүлдер әртүрлі келеді. Елордалық гүл дүкенінің флорисі Ева Аппельдің айтуынша, мереке қарсаңында сатып алынатын гүлдердің ішінде қызғалдақтар көш бастап тұр екен. Раушандар – екінші орында. Осы уақытқа дейін бір метрлік қызыл раушандар сәнде болса, қазір олардың орнын аралас гүл шоқтары ауыстырған. Оларды жинауда, көбінесе, қызғалдақтар, сарғалдақтар, мимозалар, нәркестер, таушымылдық тәріздес раушандар, желайдарлар, гортензиялар пайдаланылады.

«Сонымен қатар қазір аққаңбақ сәнде. Егер жыл бойы аққаңбақ сыйлауға себеп таппай жүрсеңіз, осы мерекені пайдаланып қалыңыз. Бастысы – метрлік қызыл раушандарды сыйламаңыз. Қиялыңызға ерік беріңіз. Гүл сыйлайтын адамыңыздың талғамы мен болмысын ескеріңіз», - деп кеңес береді флорист.

Гүл шоқтарының бағалары да әртүрлі. Ол көбінесе гүл дүкенінің қандай сегментте жұмыс жасайтындығына байланысты болады. Мысалы, Еваның дүкенінде бұл баға жыл бойы 15-17 мың теңге аралығында. Люксты гүл шоқтары 40-50 мың теңгеге дейін барады.

8 наурыз қарсаңында гүл дүкендерінің саудасы қызу жүретіні рас. Жылдың басқа күндері мен мерекелеріне қарағанда бұл күні гүлге тапсырыс беретіндер саны еселеп көбейеді. Осыған сай гүл дүкендерінің табысының күрт артатыны да белгілі. Флористің айтуынша, айына 1 млн теңге табатын дүкендердің мереке күндері табысы 15 млн-ға дейін артуына мүмкіндігі бар екен. Бұл дүкеннің жыл бойы қалай жұмыс жасағанына да байланысты. Егер жыл бойы гүл дүкені нәтижелі еңбек етіп, түрлі компаниялармен келісіп, жарнамалық науқанға тиісті көңіл бөлсе, мереке күндері табыс көлемін арттыру қиынға соқпайды.

Ева Аппель қазіргі кезде сәнге айналған тағы бір трендке тоқталды. «Гүл таңдауда бұрынғыдай гүлдердің түріне емес, түстер үйлесіміне мән беру керек деп есептеймін. Мысалы, біреуге қызыл және сары түстердің үйлесімі ұнауы мүмкін. Сонымен қатар әр гүл дүкенінің өзінің түстері болады. Менің құрбымның компаниясының түсі – ақшыл көк, күлгін. Ал біздің дүкен нәзіктікке, жылы түстерге басымдылық береді», - деп қосады маман.

Оның пікірінше, түстер тенденциясы өңірлерге де байланысты. Мысалы, Ресей сары түсті ұнатады. Ал Қазақстан бұл түсті айырылысудың нышаны деп қабылдайды. Сол себепті Қазақстанда сары және қызғылт сары түсті гүлдерді өткізу қиынға соғады. Тиісінше гүл дүкендері бұл түстердегі гүлдерде тапсырыс бермеуге тырысады. Дегенмен кейде тапсырыс берген гүлдердің орнына сары түсті гүлдерді жіберілетін кездер болады екен. Сол кезде тығырықтан шығу үшін аралас гүл шоқтары әзірленеді. Өз кезегінде бұл флористің шеберлігі мен қиялын талап етеді.

Биыл бұл мереке бірінші рет пандемия кезінде болғалы отыр. Елордалық флорист тапсырыстың алдыңғы жылғыдан көбірек екендігін айтты. «Биыл 8 наурызға дайындық ерте басталды деп айтуға болады. Тапсырыс берушілер мерекеге аса жауапкершілікпен қарады», - дейді Ева.

Сыйланған гүлге де күтім керек. Гүлдің түріне байланысты олардың өмір сүру мерзімі 3 күннен 24 күнге дейін жетеді екен. Флорист гүл сыйлаудан қорықпау керек деп есептейді. «Гүлдің солуының өзі – ерекше процесс. Сыйланған гүл солып қалғаннан кейін жаңа эмоцияларға орын босатады», - дейді.

Маманның айтуынша, гүл дүкеніне келген адамдардың барлығының тілектері бірдей: «Үлкен және арзан». Флорист әр келген адаммен тілдесу арқылы оған қандай гүл шоқтары керек екендігін бірден түсінеді. Өз жұмысында Ева түрлі оқиғаларды естиді. Бірде оған қолында құмырасы бар кір клиент келіп, оған жараса кететін композиция әзірлеп беруін сұрапты. Мұндай ерекше тілектердің арасында «Айфонды» гүлмен толтырылған қорапқа әрлеп салу жиі сұралады екен. «Біз адамдардың өмірлеріндегі ерекше күндерді одан әрі әсерлі етуге жұмыс жасаймыз. Біз сатпаймыз, қызмет көрсетеміз», - дейді Ева Аппель. Және оның айтуынша, гүл – сыйлық емес, сыйлықтың қосымшасы ғана.


Соңғы жаңалықтар