Фитосанитариялық сертификатты алуға қажетті құжаттар тізбесі қысқарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экспортқа ықпал ету мақсатында фитосанитариялық сертификатты алу үшін қажетті құжаттар тізбесі қысқарды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторлар бақылау және қадағалау іс-шараларын жүзеге асыру кезінде олардың іс-әрекеттерін тіркейтін фото және бейне құралдарымен жарақтандырылды. Экспортқа ықпал ету мақсатында фитосанитариялық сертификатты алу үшін қажетті құжаттар тізбесі қысқарды. Бұдан басқа, карантиндік сертификаты беру мерзімі 3 күннен 1 күнге, фитосаритариялық сертификаты беру мерзімі 5 күннен 3 күнге қысқарды», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, тез бұзылатын өнімге 3 жұмыс сағаты ішінде карантиндік және фитосанитариялық сертификатты алудың оңайлатылған тәртібі қарастырылды.

«Республика аумағындағы тұрақты карантиндік фитосанитариялық ахуалдың арқасында отандық өсімдік шаруашылығы өнімін өткізудің басым нарығына жеткізуге шектеулер жоқ. Қытайдың Бас кеден басқармасымен фитосанитариялық карантиндік талаптар бойынша 10 хаттамаға қол қойылды. Қытай Халық Республикасы Тізіліміне өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіретін және өңдейтін 486 отандық кәсіпорын енгізілді. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін қадағалау жүйесін және Россельхознадзордың ақпараттық жүйесімен интеграцияны дамыту жұмысы жүргізілуде», - деді С. Омаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылдың 9 айы ішінде Қазақстан Республикасына карантинге жатқызылған өнімнің импорты кезінде өсімдіктер карантині саласында 3 082 ереже бұзушылық анықталды.

Сонымен қатар, Үкімет отырысында Премьер-Министр ветеринария мамандығына білім гранттарын көбейтуді тапсырды.



Соңғы жаңалықтар