Фермерлерге 70 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді - АШМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 2,5 мыңға жуық фермерге 70 млрд теңге көлемінде мемлекеттік көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аграрлық несие корпорациясы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруды 35 күн ішінде аяқтады. 2 405 фермер жылдық 5% есеппен 70 млрд теңге алды. Мемлекеттік қолдауға ие болғандардың 95 пайызы шағын және орта бизнес өкілі. Егіс маусымына дейін фермерлердің айналым қаражатын толтыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылдармен салыстырғанда республикалық бюджеттен 10 млрд теңге артық қаражат бөлінді. Сондай-ақ қаржыландырудың жеңілдетілген ставкасы 5 пайызға дейін төмендетілді», - деп атап өтілген ҚР АШМ баспасөз қызметінің мәліметінде.

Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты шектеулерге қарамастан, Аграрлық несие корпорациясы фермерлерді қаржыландыруды қысқа мерзімде, яғни егіс маусымына дейін аяқтады. Мемлекеттің көмегін 2 405 фермер алды, олардың көпшілігі Түркістан облысындағы шағын шаруашылықтар.

«Кең дала» бағдарламасына қатысуға өтініш берген фермерлердің 126-сы 100 млн теңгеден астам қаржыға ие болды. 194 фермерге орташа есеппен 57 млн теңгеден берілді.

Мемлекеттік көмек алғандардың 90 пайызға жуығы шағын шаруа қожалықтары. 2085 фермер орташа есеппен 6,1 млн теңгеден алды. Бұл ретте ең аз несие 600 мың теңгені құрады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасында қосымша көмек қарастырылғанын атап өткен жөн. Оған өтініштер қабылдау басталып кетті.

Қосымша 100 миллиард теңге де Аграрлық несие корпорациясы арқылы беріледі. Қарыз алушылар үшін пайыздық сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6 пайызды құрайды, сондай-ақ барлық дақылдарды егу үшін қаржыландыру қолжетімді болады.


Соңғы жаңалықтар