Фермерлер электронды порталдарда ақылы негізде жұмыс істеуге мәжбүр - Берік Бекжанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Берік Бекжанов агроөнеркәсіп кешенінің жекелеген секторларын қолдауға бағытталған инвестициялық субсидияларға қатысты депутаттық сауалын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Субсидия алуға өтінім беру рәсімі «Ақпараттық - есептеу орталығы» Акционерлік Қоғамының Qoldau.kz платформасы негізінде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда платформада 218 мың 977 пайдаланушы тіркелген. Qoldau.kz сандық платформасы ақылы негізде жұмыс істейді және қызмет құны алынған субсидия сомасына байланысты. Мәселен, субсидия сомасы 100 мың теңгеге дейін болса, төлем 3 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл шамамен 9 мың теңге, 1 млн теңгеге дейін – 10 АЕК - ті, яғни 29 мың теңге, ал 1 млн теңгеден астам - 11 айлық есептік көрсеткіш, 32 мың теңге шамасында төленуі тиіс. Онсыз шаруа субсидиядан қағылады. Бізге және шаруаларға қызметтің құны неге субсидия көлеміне байланысты екені түсініксіз, өйткені мұнда тек өтінім беру рәсімделеді, оның өзі автоматты түрде жасалады. Биыл осы қызметті алушылардың саны 218 мыңнан астам екендігін ескерсек, сандық платформаның қанша табыс табатынын есептеу қиын емес», - деді Б. Бекжанов Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, шаруалардың көптеген шағымдары платформа арқылы өтініш беру кезіндегі кедергілерге байланысты. Дихандар дала жұмысын атқарудың орнына таң атқаннан күн батқанға дейін компьютерге үңіліп, порталға өтініш беру үшін «мүмкіндіктер терезесін» іздеуге мәжбүр! Бірақ «мүмкіндік терезесінің» қызметі порталдың ашылу уақытын білетіндерге ғана бұйырады екен. Бұл ретте аграршылардың бюджетте қаражаттың болуына қарамастан алдын ала өтінімдерді орналастыруға ешқандай мүмкіндігі жоқ.

«Сондықтан да халық арасында бұл жүйені «Qoldau» емес, «Qorlau» деген ұғым қалыптасқан. Бұдан басқа, мал басын есепке алу Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ақпараттық-талдау жүйесі» (АТЖ) арқылы жүзеге асырылады, онда тіркеу үшін шаруа 8500 теңге және жаңа туған немесе сатып алынған мал басының әр басына 200 теңге төлейді. Бірақ субсидия алу үшін тағы бір ақпараттық жүйеге – «субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне» (САЖ) өтінім беру арқылы тіркелу қажет. Осылайша, шаруа малдың сапасын жақсарту мен өнімділікті арттырудың орнына, ауылдағы интернеттің сапасының төмендігіне қарамастан «тарыдай шашылған» электронды порталдардың қулықтарын түсінуге және онымен ақылы негізде жұмыс жасауға мәжбүр», - деді Бекжанов.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде тиісті ұсыныстар жасалды:

1) Сандық платформалар Qoldau.kz, «Ақпараттық-талдау жүйесін» және «Субсидиялаудың ақпараттық жүйесін» бір арнаға тоғыстырып, «бір терезе» қағидаты бойынша жұмысын реттеу.

2) Сыбайлас жемқорлық көріністерін жою мақсатында мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес, Цифрлық платформаның жұмысын ақысыз, алдын ала өтінім беру мүмкіндігін қарастыра отырып, толық автоматтандыру.


Соңғы жаңалықтар