Фермерлер егіс науқанына қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген - АШМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Егіс науқанын табысты өткізу үшін фермерлер барлық қажетті ресурстармен - тұқым, минералды тыңайтқыштар, жанар-жағар май, техникамен және қаржы құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұл бағыттағы қаржы көлемі 140 млрд теңгеге жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство басшысы Ербол Қарашөкеев Түркістан облысында болып, «Егістен сөреге дейін» жобасы аясындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейту жөніндегі республикалық семинар-кеңеске қатысты. Сондай-ақ, облыстық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы» аясындағы ерте пісетін өнімдер көрмесімен танысты.

Министр атап өткендей, егіс науқанын уақытылы және сапалы өткізу - Президент қойған басым міндеттердің бірі. Осы орайда, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы министрлігінің ерекше бақылауында.

Сонымен қатар, министрлік жүйелі негізде азық-түлік тауарлары қорына мониторинг, өндіріс пен тұтыну теңгерімін жүргізеді.

«Қажет болған жағдайда біз өңірлерді қажетті өнімдермен толық қамтамасыз ету мақсатында облыстар арасында тауарларды қайта бөлуді жүзеге асырамыз»

, - деді министр.

Айта кетсек, әкімдіктердің 20 сәуірдегі деректері бойынша республикада картоп қоры - 204 мың тонна, сәбіз - 44,7 мың, қырыққабат - 28,6 мың, пияз - 36 мың тонна.

Министр Түркістан облысында көлемі шамамен 198 мың тоннаны құрайтын ерте пісетін қырыққабатты жинау жұмыстары басталғанына, сондай-ақ мамыр айының ортасынан маусымға дейін 174 мың тонна көлемінде ерте пісетін картоп және маусым айында 45 мың тонна сәбіз, 55 мың тонна пияз жинау күтіліп отырғанына назар аударды.

«Бұл ретте жеміс-көкөніс пен ерте пісетін өнімдерді өндіру үшін жеткілікті жұмыс күші бар Түркістан облысының әлеуеті зор және республикалық ауқымдағы негізгі өндірушілердің бірі болып табылады»

, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Ербол Қарашөкеев тұрақтандыру қорлары мен «айналым схемасы» қаражаты аясында Түркістан облысының шаруаларын форвардтық қаржыландыру бойынша жұмысты жолға қою қажеттігін атап өтті.

Бұл шара отандық өндірушілерді қолдауға, оларды өткізу нарықтарына шығаруға, тауарлар тапшылығының және азық-түліктің бақылаусыз қымбаттауының алдын алуға мүмкіндік береді.

Жалпы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға ағымдағы жылы 608,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы инвестициялық субсидиялауға, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын дамытуға, ғылыми зерттеулерге, фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ауыл халқының табысын арттыруға бағытталады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп, әлемдік азық-түлік нарықтарындағы жағдайды ескере отырып, субсидиялаудың жаңа тетігін енгізуді 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Жүйенің басты жаңалықтарының бірі - оны цифрлық форматқа көшіру. Фермерлер үшін тегін болатын және барлық негізгі мемлекеттік дерекқорлармен толық интеграцияланатын субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі қазіргі таңда сынақтан өткізіліп жатыр.

Бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында мемлекет ауыл шаруашылығын субсидиялауда техникалық және технологиялық жаңаруға бағытталған инвестициялық субсидияларға басымдық беретінін жазған еді.



Соңғы жаңалықтар