Фармацевтика инспекторларының қызметі жетілдіріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Фармацевтика инспекторларының қызметі жетілдіріледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Халық денсаулығы туралы кодекс жобасын талқылау кезінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтаудың тиімді жүйесін құрудың негізгі шарттарының бірі - саланы бәсекеге қабілетті мамандармен, қажетті ғылыми зерттеулермен және инновациялармен қамтамасыз ету. Медицина кадрларының деңгейін көтеру мақсатында білім берудің үздіксіз интеграцияланған моделін, білім алушылардың тәуелсіз бағалануын және түлектердің кәсіби даярлығын енгізу көзделді. Кодекстің жобасы биобанктердің, биоэтикалық комиссиялардың құрылуы мен пайдаланылуын және этика мәселелері жөніндегі комиссиялардың рөлі мен мәртебесін реттейді», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, медицина білім беру ұйымдарында стратегиялық әріптестікті, университет клиникалары мен біріктірілген академиялық медицина орталықтарының жұмысын одан әрі дамыту көзделеді.

«Нәтижесінде, медицина кадрларын даярлау сапасы артады, қолданбалы және іргелі зерттеулердің дамуы қамтамасыз етіледі, гендік инженерия мен дербестендірілген медицинаның дамуына мүмкіндік беріледі», - деп түсіндірді Е. Біртанов.

Сонымен қатар министр Тегін медициналық көмек пен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халыққа дәрілік заттарды таңдау мүмкіндігін беру мақсатында бірлесіп төлеу мәселелері реттелгенін жеткізді.

«Пациент өз еркі бойынша дәрілік заттың бағасының айырмашылығын төлеп, қалаған дәріні сатып алуға мүмкіндік ашылады. Сондай-ақ Кодекс жобасында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы бақылауды жүзеге асыратын фармацевтика инспекторларының қызметін жетілдіру көзделген. Олардың қызметі денсаулық сақтау саласындағы заңнаманың бұзылуының алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге бағытталған», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.



Соңғы жаңалықтар