Фарид Ақбердиев: Аудан әкімдерінің қабылдауын үш ай бойы күтіп жүргендер бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ауыл» партиясының мүшесі Фарид Ақбердиев «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнамасы турасында пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл – өте маңызды шара. Бірақ осынау құжаттың басты қозғаушы күші – Президент жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы болуы керек. Мемлекет басшысы алғашқы Жолдауын халыққа жариялаған кезде азаматтар оны қуанышпен қабылдады. Президент тіпті әуе билеттерінің бағасы бойынша да мәселе көтерген еді. Қазіргі уақытта осы тапсырмаға сәйкес аудан, қала немесе облыс әкімдерінің қабылдауында болу тәртібін жеңілдету керек. Бүгінгі күні аудан әкімдерінің қабылдауын үш ай бойы күтіп отырғандар бар. Сол себепті «бірінші» басшылармен кездесу мүмкіндігі жеңіл болса екен. Адамдарда сұрақ көп. Осы мәселе реттелсе дейміз», - деді Фарид Ақбердиев партияның саяси кеңесінің отырысында.

Еске сала кетсек, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы «Ел аманаты» атты жалпыұлттық сауалнамасын жүргізгелі жатыр.

Сауалнамаға Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтарынан қоғамдағы саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелерді жинақтап, оларды шешу жолдарын айқындауға бағытталған.

Жалпыұлттық сауалнаманың негізгі мақсаттары – әрбір азаматтың мүддесін қорғау, қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтап, тиісті үкіметтік органдарға жеткізу, еліміздің дамуы бойынша тұрғындармен пікір алмасу, ел тұрғындарымен тығыз байланыс орнату, сауалнама ұйымдастыру арқылы Қазақстан Республикасының әрбір азаматының қоғамымызды дамытудағы өзіндік үлесін қосуына мүмкіндік беру, қоғам өміріндегі «Ауыл» партиясының саясатын қалыптастыру үшін өзекті де нақты ұсыныстарды ел тұрғындарынан жинақтау болып отыр.


Соңғы жаңалықтар