EXANTE компаниясы Қазақстан қор нарығында жұмыс істеуге лицензия алмаған - агенттік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі EXANTE компаниясына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде өзін инвесторлардың әлемдік сауда алаңдарына тікелей кіруіне мүмкіндік беретін инвестициялық компания және брокер ретінде көрсететін EXANTE компаниясының қызметі талқылануда.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның тиісті лицензиясын алған ұйымдар (лицензиаттар тізімі агенттік сайтында көрсетілген) ғана жүзеге асыруға құқылы.

«EXANTE компаниясының еліміздің бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясы жоқ және ол Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлға ретінде тіркелмеген. Бұл ретте шетелдік брокерлер «Қазақстанның қор биржасы» АҚ (KASE) сауда алаңында KASE талаптарына сәйкес келген жағдайда KASE-нің қашықтан мүшелігін алу жолымен мәміле жасауға құқылы. Алайда EXANTE компаниясы KASE мүшесі емес. АХҚО аумағында EXANTE компаниясы Recognized Non-AIFC Member мәртебесіне ие (бизнесі аккредиттелген, алайда АХҚО мүшесі болып табылмайды). Бұл мәртебе брокерлердің АХҚО аумағында болмай-ақ АХҚО-да қызметті жүзеге асыруына мүмкіндік береді» делінген хабарламада.

Жоғарыда көрсетілген компания лицензиат емес, оның қызметі агенттіктің тарапынан реттеуге, бақылауға және қадағалауға жатпайды.

Тиісінше, мұндай компаниялармен шарттық қатынас орната отырып, инвестор барлық тәуекелдерді дербес бағалауға және өз әрекеті үшін жауапкершілік арқалауға тиіс.


Соңғы жаңалықтар