Еврейлер қауымдастығы Қазақстанға құттықтау хат жолдады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразиялық еврейлер конгресінің президенті Михаил Мирилашвили Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Израиль мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аса құрметті Президент мырза! Еуроазиялық еврейлер конгресінің көшбасшыларының және жеке өзімнің атымнан сізді және Қазақстан Республикасының барша халқын Израиль мемлекетімен кең ауқымды дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Осыдан отыз жыл бұрын біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз үшін жаңа тарау басталды: толыққанды сенімді қарым-қатынас пен серіктестік орнатуға жол ашылды. Сізге, сіздің израильдік әріптестеріңізге және қос мемлекеттің халықтарына достық байланыстардың дамуын, өзара өркендеу мен игілік тілеймін!», - деп жазылған құттықтау хатта.

Конгресс президенті еврей және қазақ халқының мыңжылдықтарға жалғасқан тығыз байланысы қазіргі қарым-қатынастар үшін мықты база болғанын атап өтті. Оның қайнар көзі Орта ғасырларға, Ұлы Жібек жолы заманына апарар еді.

«Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де зұлымдықтан қашқан еврейлерді Қазақстан жылы жүзбен қабылдады. Біз мұны ұмытпаймыз және Қазақстан халқына үлкен алғыс білдіреміз. Жүздеген жылдар бойы еврейлер қазіргі Қазақстан аумағында өздерін жайлы сезініп, өзара қабылдау мен қолдау атмосферасында дамып келеді. Өз кезегінде, Еуроазиялық еврейлер конгресінің көшбасшылары шын жүректен қоғамдық дипломатия саласында жұмыс істеуге ниетті. Екі ел арасындағы дипломатиялық, экономикалық, ғылыми және мәдени байланыстарды нығайтуға және дамытуға белсене атсалысқандардың барлығына табыс тілеймін», - деді М. Мирилашвили.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасындағы еврей қауымы 30 жыл бойы үлкен жетістіктерге жетті, елдегі еврейлер қауымдастығын жандандырды.

«Жақында ғана өзінің 30 жылдығын атап өткен Еуроазиялық еврейлер конгресі Қазақстанды әрдайым өңірлік қызметіміздің маңызды нүктесі ретінде қарастырды. Ондаған жылдар бойы конгресс Қазақстандағы еврей қауымдастығының бағдарламаларын және өңірдің көптеген әлеуметтік және білім беру жобаларын қолдап келеді. Біз еврей қауымдастығының дамығанына, оның өркендеуіне ықпал еткенімізге қуаныштымыз және республика басшылығына және өзіңізге алғыс айтамыз.Сізді және бүкіл Қазақстан халқын Израиль мемлекетімен дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен тағы да құттықтауға рұқсат етіңіз», - дейді Михаил Мирилашвили.


Соңғы жаңалықтар