Еуропарламент қарары Қазақстанға қалай әсер етеді – сарапшы пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропа Парламенті Қазақстандағы жағдай бойынша қарар қабылдауда асығыстық танытты, ал құжаттың өзі ұсынымдық сипатқа ие. Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еуропарламент бұл қарарды қабылдауда асығыстық танытты деп санаймын, олар ресми тергеу нәтижелерін күтуі керек еді», - деді А. Құспан ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Депутат жеке өзі Еуропалық Парламентке хаттар жібергенін, онда қазіргі ахуалдың күрделілігін түсіну үшін оқиғалардың хронологиясын жан-жақты баяндап, тергеу нәтижелерін күтуге шақырғанын айтты.

Оның айтуынша, құжатты қабылдаудан бұрын қызу пікірталастар болған және әртүрлі қарама-қайшы көзқарастар айтылған.

Бір топ депутат бұл жағдайда нәтижелерді күту керек деп санайды және 30 жыл бойы тұрақтылықтың, бейбітшілік пен тыныштықтың үлгісі болған Қазақстанды айыптамауға шақырады.

Және басқалары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы екі-үш жылда қарқынды қабылданған реформаларын атап өтті.

Кейбірі жанашырлық танытып, құрметпен қарауды, қиын сәттерде достар түсіністік пен тілектестік білдіру керегін айтты.

Қазақстанды жақсы білетін депутаттар бағалау кезінде байыпты болуды айтып, еуропарламентшілер лексиконында елеулі проблемалар бар деп атап өтті, өйткені олар бандиттерді белсенділер деп, тұтқындалғандарды саяси тұтқындар деп атаған.

«Бірақ басқа да сөздер сөйленді. Меніңше, көптеген депутаттар ҰҚШҰ әскерінің шақырылғанына мән беріп отыр, депутат Кубилис бұл оқиғалардың барлығын биліктің өзі ұйымдастырғанын, Ресей әскерін Қазақстанға шақыруға сылтау болғанын айтты», - дейді А. Құспан.

Сонымен бірге, Айгүл Құспан бірнеше депутаттың төтенше жағдай кезінде елдегі интернетті өшіруді айыптағанын жеткізді.

Кейбірі «Қазақстан халқына» қорының құрылымын түсіндіруді талап етсе, енді бірі – Қытаймен жақсы қарым-қатынасқа алаңдаушылық білдірген, ал Еуропалық Одақ пен Қытай арасындағы қатынастар күрделі болып отыр.

«Мені Қазақстанның көршілеріне елдің ішкі істеріне араласпауға шақыру таң қалдырды, бұл ретте қарар қабылдау – біздің еліміздің ішкі істеріне араласу болып саналады (...) Менің ойымша, бүкіл қарар мен тұтас мәтін «шетелдегі қайраткерлердің» ұсынымымен жасалған. Мұны стильден байқауға болады және мәтінде: «Қазақстан режим қарсыластарын қудалайды, олар шетелде жасырынуға мәжбүр» деген сөздер бар», - дейді депутат.

«Қарар Қазақстанға еш әсер ете алмайды, Еуропарламент қарарлары бейсенбі күні Страсбургте өтетін пленарлық сессияларда ай сайын қабылданады. Бұл жедел қарарлар деп аталады. Ай сайын екі қарар қабылдау керек. Кейде олардың қабылдайтын да ештеңесі болмайды, сонда қай елге қатысты қарар қабылдау керек деп ойланады. Кеше Гонконг, Судан және Қазақстан туралы үш қарар қабылданды. Бұл жедел қарарлар Еуропа Парламентінің бүкіл әлемдегі адам құқықтарының жағдайына үлкен назар аударатынын көрсету үшін қабылданады», - деп түсіндірді ол.

Айгүл Құспанның айтуынша, қарарлар декларативті, ұсынымдық сипатқа ие және заңды әсер ете алмайды.

Айта кетейік, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Еуропарламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдеген еді.


Соңғы жаңалықтар