Еуропа лигасы: «Севилья» мен «Байер» ширек финалға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA Еуропа лигасы ширек финалына жолдама алған тағы екі команда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, Еуропа лигасы 5 тамыздан бастап қайта жалғасты. Айта кетсек, коронавирус жағдайына байланысты дүбірлі дода наурыз айында белгісіз мерзімге кейінге шегерілген болатын.

«Шахтер Донецк» (Украина), «Копенгаген» (Дания) https://kaz.inform.kz/news/futboldan-europa-ligasy-shirek-finalga-2-komanda-shykty_a3680345, «Манчестер Юнайтед» (Англия) және «Интер» (Италия) командалары 5 тамызда ширек финалға жолдама алды. Бүгін олардың қатарын «Севилья» (Испания) мен «Байер» (Германия) командалры толықтырды.

Айта кетерлігі, Испанияның «Севилья» және Италияның «Рома» командалары арасындағы жолдама тағдыры небәрі бір кездесуде анықталды. Ол белгілі себепке байланысты наурыз айында өткізілген жоқ. Бүгінгі ойын бейтарап алаңда, Германияның Дуйсбург қаласында болды. Кездесуде «Севилья» сапынан Серхио Регилон 21, Юссеф Эн-Несири 44-минутта гол соқты. Осылайша «Севилья» қарсыласын 2:0 есебімен жеңді.

Ал Германияның «Байер» және Шотландияның «Глазго Рейнджерс» клубтары жекпе-жегінің жеңімпазы алғашқы кездесу анықталды десек те болады. Глазго қаласында өткен ойында неміс футболшылары алаң иелерін 3:1 есебімен тізе бүктіріп кеткен еді. Соған қарамастан бүгінгі кездесуде де «Байер» гол соғу мүмкіндігін іздеді. Олардың қатарынан Мусса Диаби 51-минутта қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Нәтижесінде «Байер» 1:0 есебімен басым түсті.

Дәл қазір тағы екі ойын өткізілуде. Бұл уақытта «Вулвергемптон Уондерерс» (Англия) және «Олимпиакос Пирей» (Грекия), «Базель» (Швейцария) және «Айнтрахт Франкфурт» (Германия) командалары шеберлік байқасады.

Жарыстың ширек және жартылай финал ойындары Германияның Гельзенкирхен, Дуйсбург, Дюссельдорф, Кёльн қалаларында өтеді. Ал финал 21 тамызда Кёльн қаласындағы «Рейн Энерги» стадионында болады.



Соңғы жаңалықтар