ЕУРО2020: «Сазген сазы» Фредди Меркьюридің даусымен коллаборация жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі танымал британдық әнші Фредди Меркьюридің даусымен коллаборация шығарды. Жоба футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионаты финалына Англия құрамасын қолдау мақсатында жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, «Сазген сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі Бағдат Тілегенов ән мен бейнеклиптің қалай әзірленгенін айтып берді.

«Дәуіт Шайхисламов маған хабарласып, Фредди Меркьюридің акапелалық дауысы бар екенін айтып, осы жобаны жасауды ұсынды. Яғни осы дауысқа қазақтың ұлттық аспаптарымен аранжировка жасау керек еді. Ойға алған істі жасап көрдік, қазақтың халық аспаптары: қобыз, жетіген, домбыра, шертер, сыбызғы, сазсырнай, прима-қобыз және басқа да аспаптарды қолдандық», - дейді Б. Тілегенов.

Ән жасау үшін бір ай уақыт жұмсалған. Оған ансамбльдің 20 мүшесі қатысты.

Аранжировка жұмыстарын Марат Жалбыров жасаған. Ол партитуралар жазып, әрбір аспапқа нота дайындаған. Студияда ансамль мүшелерінің құлаққабында Фредди Меркьюрийдің таза дауысы естіліп тұрды. Осылайша, барлығы британдық әншінің дауысын тыңдап, өз партиясын ойнаған.

«Әр аспап үшін музыкалық партиялар жазу керек болды. Бұл – көп уақытты қажет ететін жұмыс. Басында не шығады екен деп сенбеп едік. Бірақ жобаға кіріскен соң, шабыттанып, жобаның сәтті шығарына сенімді болдық. Әр репетицияда музыканттар әнге үлкен ықыласпен кірісті. Радиоқұлаққаптардың көмегімен партиялар жазылды. Дыбыс авторы – Сергей Лобанов. Ол елдегі ең мықты студиялық дыбыс инженерлерінің бірі», - деді Бағдат Тілегенов.

Ансамбль Еуропа чемпионатының финалы қарсаңында Англия құрамасына тосынсый, музыкалық сыйлық жасағысы келді. Сондықтан клипте өткен жылдардағы құраманың жеңісті ойындарынан үзінділер қосылған.

«We are the champions» әнін 1985 жылы Уэмбли стадионында «Queen» тобы орындаған еді. Ал бүгін кешке «Уэмбли» стадионында Англия Италияға қарсы ойнайтын финал өтеді. Видеода Қазақстанның таңғажайып табиғаты, Көлсай көлдері, Бурабай бейнеленген. Мұнда «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен ынтымақтастықты атап өткім келеді. Біз де компанияның ұстанымын қолдаймыз –бірегей табиғатымызды танытқымыз келеді. Қазір ішкі туризм белсенді дамып келеді. Шетелдіктер осы видеоны көріп, табиғатымызды тамашалағанын қалаймыз, сондықтан туристерді таңғажайып және әдемі елімізге шақырғымыз келеді», - дейді идея авторы, танымал продюсер Дәуіт Шайхисламов.

Дәуіт Шайхисламовтың айтуынша, «Сазген сазы» ансамблімен бірлескен жұмыс мұнымен аяқталмайды. Джон Леннон, Фреэнк Синатра, Селин Дионның дауысымен осындай жобалар жасау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, жоба режиссері – Дәуіт Шайхисламов, продюсерлер – Мәлік Хасенов, Дана Орманбаева, Санат Шапашов. Монтаж – Антон Касьяненко, операторлар – Данияр Жангөбеков, Мақсат Әбдікәрімов, Ілияс Шуашпаев. Сондай-ақ, коллаборация «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының қолдауымен жасалған.


Соңғы жаңалықтар