Еуро-2022: Футзалдан Қазақстан құрамасының қарсыластары анықталды

None
None
ЗЕЙСТ. ҚазАқпарат - Бүгін Нидерландының Зейст қаласында футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінің жеребесі тартылып, Қазақстан құрамасының қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат UEFA сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасы В тобында сынға түсетін болды.

Қарсыластары - Италия, Словения және Финляндия. Қазақстандық футзалшылар 20 қаңтарда Словениямен кездеседі. Одан кейін 24 қаңтарда Финляндия, 28 қаңтарда Италиямен шеберлік байқасады.

Өзге топтардағы құрамалар бөлінісі төмендегіше:

А тобы: Нидерланды, Сербия немесе Беларусь, Украина, Португалия

C тобы: Ресей, Польша, Словакия, Хорватия

D тобы: Грузия, Испания, Әзербайжан, Босния және Герцеговина

Бұған дейін хабарланғандай, жеребе тарту рәсімі UEFA.tv арнасында тікелей эфирден көрсетілді. Шара елорда уақытымен сағат 22:00-де басталды.

Сербия мен Беларусь құрамалары тағы бір жолдаманы сарапқа салады. Ойындар 14 және 17 қараша күндеріне белгіленген.

Құрлықтық дода 2022 жылдың 19 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында өткізіледі. Онда барлығы 16 құрама бақ сынайды.

Айта кетейік, қазақстандық футзалшылар Еуропа біріншілігінде 2016 жылы алғаш рет қатысты. Сол жылы топтық кезеңде Ресейден 1:2 есебімен жеңіліп, Хорватиядан 4:2 есебімен басым түсті. Одан кейін ширек финалда Италияны 5:2 есебімен сүріндірді. Жартылай финалда Испанияға 3:5 есебімен жол берді. Ал 3-орын үшін сайыста Сербияны 5:2 есебімен жеңіп, қола жүлдегер атанды.

2018 жылғы құрлықтық додада B тобында Польшаны 5:1 есебімен жеңсе, Ресеймен 1:1 есебіне қанағат білдірді. Ал ширек финалда Сербиядан 3:1 есебімен айласын асырды. Жартылай финалда Испаниямен негізгі кезеңде 5:5 есебімен тең ойнап, пенальтиден 1:3 есебімен есе жіберді.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы биыл өткен әлем чемпионатында төртінші орын алды.


ФОТО: ҚФФ сайтынан
Соңғы жаңалықтар