Еуразияның қауіпсіздік жүйесін қайта қарау қажет – Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Astana Club пленарлық отырысында Еуразия қауіпсіздігі бойынша өзекті мәселелерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Державалар арасындағы жаһандық қарама-қайшылық технологиялар саласына ауысты. Қытайлық Huawei компаниясының оқиғасы әлемдік державалар арасындағы геосаяси наразылықтың технология саласына, электроника өндірісіне еріксіз ықпал ететінін көрсетті. АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің артуы әлемдік жоғары технологиялар нарығын тұрақсыздандырып, жаһандық технологиялық тізбектің бұзылуына әкеп соқты», - деді Елбасы пленарлық отырыстың ашылуында.

Сонымен бірге, Елбасы орасан мүмкіндіктер мен орасан сын-қатер әкелуі мүмкін жасанды интеллектінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект бүгінде тұрақтылықты бұзу мен гибридтік соғыстардың маңызды құралына айналды.

«Бесіншіден, Таяу Шығыстағы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік бойынша маңызды рөл ойнайтын аймақтағы жағдай күрделене түсті. Энергия тасымалдаушылардың 30 пайызының Ормуз бұғазы арқылы өтетінін білеміз. АҚШ-тың Иран бойынша ядролық келісімнен шығуы да өңірдегі жағдайды шиеленістіріп жіберді. Бұл келісімнің орнауына Қазақстан кезінде үлес қосқан болатын. Сіздер талқыға салған осындай үрдістердің барлығы Еуразиядағы қауіпсіздік жүйесін қайта ретке келтіруді, жаңа сапалық түрін жасап шығаруды қажет етеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, 11-12 қараша күндері «Назарбаев Орталығында» әлемнің жетекші дипломаттары мен саясаткерлерінің және сарапшыларының басын қосатын «Астана клубының» бесінші отырысы өтуде. Мерейтойлық отырыс тақырыбы «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында» деп аталады. Клубтың сараптамалық талқылауына АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы қырғи-қабақтың ушығуы, сауда протекционизмі мен популистік көңіл-күйдің артуы, сондай-ақ Иран мен Солтүстік Корея төңірегінде жаңа шиеленістердің бой көрсетуі мәселелері арқау болмақ.

Бұған дейін Astana Club сарапшылары Еуразияның басты 10 сын-қатерін жариялаған еді.

Соңғы жаңалықтар