Еуразияда диалог құруда әлем мемлекеттері Елбасының тарихи рөлін даусыз мойындайды – Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразияда диалог құруда әлем мемлекеттері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін даусыз мойындайды.

Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесінің қорытындысы туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы аптада Еуразия елдері парламенттері төрағалары төртінші мәрте кездесті. Бұған дейін мұндай ауқымдағы кездесулер Мәскеуде, Сеулде және Анталияда өткен еді. Біздің елорда дәл осы ауқымды шараны өткізген төртінші қала болды. Көптеген сарапшы атап өткендей, қазірді кезеңде парламенттік дипломатияның маңызы қатты өсіп келеді. Заңнамалық деңгейдегі байланыстар бүгінгі күні бүкіл әлемде даулы сұрақтарға нүкте қояды. Бұны оп-оңай түсіндіруге де болады. Бұл елдердің парламенттерінің бәрін халық сайлап алған. Сол себепті, біздің елге 65 мемлекеттің өкілінің, оның ішінде спикерлерінің, 14 халықаралық ұйым өкілінің бас қосуы – өте үлкен маңызды жайды білдіреді», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуына қарағанда, айтулы Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы – халықаралық шараға ерекше мәртебе берген.

«Өз сөзінде Елбасы Еуразиялық диалогты ары қарай бекемдеуде маңызды ұсыныстарын айтты. Шараның нәтижесі туралы айтар болсақ, 18 пункттен тұратын ауқымды қорытынды мәлімдемеге қол қойылды. Онда Кеңеске қатысушылар Еуразия континентінде ынтымақтасу қағидаттарына ынталы екендерін білдірді. Парламентарийлер сонымен бірге Еуразия аумағында Нұрсұлтан Назарбаевтың интеграциялық процестерді бекемдеуде орасан зор тарихи үлесін ерекше атап өтті. Бұл жерде маңызды бір ньюанс бар: бұл мәлімдеме консенсус негізінде қабылданды. Яғни, барлық 65 мемлекет қорытынды мәлімдемемен келісуі керек. Олар бұл мәлімдемеде біздің құрлықтың ауқымды кеңістігінде диалогты құруда Елбасының тарихи рөлін даусыз мойындайды», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, санаулы күн бұрын Тәуелсіздік сарайында Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесі өтіп, Еуразия елдері парламенттерінің төрағалары бірлескен мәлімдеме қабылдаған болатын.

Соңғы жаңалықтар