Еуразия ұлттық университетінің өкілдері тікелей эфирден 10 сағат бойы студенттердің сауалдарына жауап берді

None
None

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың 15 қаңтарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік желі арқылы үзіліссіз он сағат тікелей эфир өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Негізгі мақсат – студенттерге қазіргі оқу процесінің барысы мен мән-жайы туралы толық ақпарат беру.

Тікелей эфирге университеттің 13 факультет деканы, академиялық мәселелер, цифрлық даму, халықаралық ынтымақтастық, қаржы департаменттерінің директорлары, сонымен қатар Студенттер үйі дирекциясы мен ғылыми кітапхана директоры, тіркеу офисінің басшысы және басқа да мамандар қатысты.

Қатысушылар санының мұншалықты көп болуының өзіндік себебі бар. Өйткені, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстандағы ЖОО арасында алғаш рет ұйымдастырып отырған тікелей эфир ҚР Білім және ғылым министрлігінің мамандарымен қатар, еліміздегі көптеген жоғары оқу орындарының қызығушылығын туындатып отыр.

Тікелей эфирге қатысқан 4000-нан аса студент оқу форматы, студенттер үйінде тұру ережелері, ЖОО аумағында қауіпсіздік шараларын сақтау, университеттің бірінші курс студенттерін қабылдауға дайындығы, ЖОО-да санитарлық нормалар мен ережелерді қамтамасыз ету бағытында нақты жауап алды. Осы орайда он сағат ішінде 1200-ден астам сұраққа жауап берілді.

«Елбасы негізін қалаған Еуразия университеті студенттердің кедергісіз оқуға кірісуі үшін қажетті жағдайлардың бәрін жасауда. Барлық жерде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталған. Жатақханада тұратын студенттер үшін интернетке кедергісіз қолжетімділік және университеттің компьютерлік техникасын пайдалану мүмкіндігі қамтамасыз етілген», - делінген университеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.


Айта кетейік, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері 18 қаңтардан бастап екінші семестрді бастайды. Қаңтар айының соңына дейін сабақтар онлайн өтсе, 1 ақпаннан бастап бакалавриат, магистратура және докторантураның бірінші курс студенттері үшін сабақтар аралас форматта жүргізіледі. ЖОО-да дәрістер онлайн тәртіпте болса, семинарлар, зертханалық сабақтар және басқа да практикалық сабақтар - дәстүрлі (офлайн) форматта. Ал бірінші курс студенттері үшін жатақханаға орналасу қаңтар айының соңына дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар