Этносаралық қарым-қатынастардағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы әзірленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда этносаралық қарым-қатынастардағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы жобасы әзірленді. Бұл туралы ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру шаралары қабылданды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынасты дамыту комитеті құрылды. ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ ҚР Үкіметіне беру жолымен қайта құрылды. Өкілетті басқару органы болып Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бекітілді. Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы жобасы жасалды», - деді Ж. Түймебаев ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің отырысында.

Оның айтуынша, аймақтық деңгейде ішкі саясат мәселелерін бір орынбасарға жүктеу мақсатында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары арасында қызметтерді бөлу жұмыстары жүріп жатыр.

«Этносаралық қатынастарды дамыту мәселелері бойынша әкімдіктердің ішкі саясат және қоғамдық даму басқармалары құрамында жеке бөлімшелер құрылуда. Ассамблея мен «Қоғамдық келісім» КММ аймақтық хатшылықтары ішкі саясат басқармасына берілді. Өңірлік ассамблеялар төрағаларының орынбасарлары әкімнің ішкі саясат жөніндегі орынбасары болады», - деді Ж. Түймебаев.

Сонымен бірге, спикер Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының қызметі жөнінде баяндады.

«Институттың негізгі қызметі этносаралық қатынастар саласында жүргізіледі. Институт директоры қызметіне белгілі саясаттанушы және тәжірибелі маман Талғат Қалиев тағайындалғанын білесіздер. Жаңа институт алдында маңызды міндеттер тұр. Егер жаңа институт Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық кеңесінің жұмыс органына айналса дұрыс болады деп ойлаймын. Институт ақпараттық-талдамалы материалдарды дайындау кестесін жандандырып, мониторинг өнімдерін және сұранысқа ие басқа да материалдарды дайындауды ұйымдастыруы керек. Институт Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық кеңесімен бірлесіп, елдегі этносаралық қатынастарды ғылыми тұрғыдан пайымдау бойынша маңызды жұмыстарды жаңа деңгейге көтереріне сенімдімін», - деді Жансейіт Түймебаев.


Соңғы жаңалықтар