Есірткімен күрес - Атырау облысында жыл басынан 25 адам істі болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында биылғы жыл басынан бері құрамында есірткісі бар 5 мың данаға жуық дәрі-дәрмек тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Роман Ермұхановтың мәліметінше, «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 5 мың данаға жуық трамадол және тропикамед дәрі-дәрмектері тәркіленіп, әкімшілік хаттамалар толтырылған.

«Жыл басынан бері есірткіге қатысты 75 құқық бұзушылық тіркелді. Құқық бұзушылықтың басым көпшілігі есірткі заттарын сату фактісі болып отыр. Жалпы есірткінің заңсыз айналымы бойынша 25 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оың ішінде 19 адам бас бостандығынан айырылды», - дейді Роман Ермұханов.

Оның айтуынша, облыстық наркология диспансерінің есебінде 508 адам тұр. Бұл көрсеткішті азайту және өңірде есірткі саудасын болдырмау үшін көптеген іс-шара өтіп жатыр. Облыс аумағында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары 4 профилактикалық іс-шара өткізген.

«Нәтижесінде есірткі сататын интернет-сайттарды жарнамалайтын 150 графитти жазбалар жойылды. Жақында есірткімен күрес күніне орай жастар арасында спорттық шаралар, шығармашылық байқаулар, мерекелік кеш, арнайы мамандардың қатысуымен семинар-тренингтер ұйымдастырылды», - деп мәлім етті Роман Ермұханов.


Соңғы жаңалықтар