Есірткі бизнесімен күресте ІТ-мамандар құрамы күшейтіліп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі есірткі бизнесімен күрес бағытында ІТ-маман штатын күшейтуде. Бұл туралы депутаттық сауалға жауап берген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есірткіні ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы тарату заңсыздықтарына тосқауыл қою мәселесіне тоқталған Үкімет басшысы, «есірткі бизнесімен күрестің тиімділігін көтеру мақсатында тиісті бөлімшелерді тәжірибелі мамандармен толықтыру бойынша шаралар қабылдануда. Осы орайда ІТ-технология саласында білімі әрі интернет желісінің көлеңкелі сегменттерімен жұмыс дағдысы бар адамдар қамтылады» деді.

Оның сөзіне қарағанда, тиісті министрліктер ақпараттық кеңістікті мониторингілеу барысында биыл 450-ге тарта есірткі сайттары бұғатталды.

Сонымен қатар, есірткіні насихаттаумен айналысқан 300-ден астам интернет-ресурстарға шектеу енгізілді.

Мұнымен қоса Премьер-Министр анонимді пайдаланушылар пайдасына электронды қаржыны аударуға тыйым салу мен электронды ақшаға қатысты күмәнді операцияларды тоқтату бойынша заңнамалық түзетулердің екі пакеті әзірленгенін айтты.


Соңғы жаңалықтар