Ешқандай конфессия вакцинаға қарсы емес – дінтанушы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ешқандай конфессия вакцинаға қарсы емес. Бұл дінтанушы, әл-Фараби, атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Жанна Қаңтарбаеваның пікірі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, вакциналар – бұл ғылымның жетістігі, ал әлемдік діндер ғылымды қолдайды.

«Көптеген конфессиялардың өкілдері вакцина алуға, түрлі ауруға қарсы егуге тыйым салмайды. Жалпы адамзаттың бірнеше пандемиядан қалай аман қалғанын білесіздер. Мысалы,1796 жылдың мамырында Эдвард Дженнер өзінің жұмысшыларының бірінің сегіз жасар ұлына шешекке қарсы вакцина салды. Сол кезде де вакцинаға сенімсіздік білдірген діни бірлестіктер болды. Алайда, вакцинаға қарсы пікірлерге қарамастан, ғалымдардың жетістіктерінің арқасында шешек дерті жойылды», - деді дінтанушысы.

Жанна Қаңтарбаева дінтанушылар үнемі медициналық мамандармен кеңесетінін атап өтті.

«Біздің дәрігерлер күн сайын осындай мәселелермен бетпе-бет келеді. Әрине, бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде. Біз психологтармен жұмыс жасаймыз, діни топтардың көзқарасын өзгертеміз», - деді спикер.

Дінтанушының айтуынша, антиваксерлер өз идеясын дін арқылы насихаттайды.

«Олар есірткі мен вакцинаға қатысты харам мен халал терминдерін қолданады. Ең үлкен қауіп емделумен айналысатындар және емдеудің дәстүрлі емес түріне шақыратындар. Менің айтатыным, тек вакцина ғана коронавирустың алдын алады»,- деді Жанна Қаңтарбаева.

Ол діндарларды мұсылмандардың діни басқармасы мен Орыс православие шіркеуінің өкілдері растаған ақпаратты ғана тыңдауға шақырды.

«Бізде өзіміздің және өзгелердің өмірін сақтауға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану қажет. Сондықтан мен адамдарды қауіпті инфекциядан қорғану үшін вакциналануға шақырамын», - деп қорытындылады ол.

Соңғы жаңалықтар