Есеп комитеті бюджетті жоспарлаудың үшжылдық жүйесінен бас тартуды ұсынды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова бюджетті жоспарлаудың біржылдық жүйесіне қайта көшуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл бір жағынан қарабайыр болып көрінгенімен, өте маңызды мәселе күн тәртібіне шықты. Бюджет жобасы бекітілген жағдайда толықтай қалыптастырылуы керек деген талап қойылды. Бюджеттің дамуға бөлінген бөлігі толық қамтамасыз етіліп, шығыстар жағы жеткіліксіз болуы мүмкін емес. Сондықтан қалай болғанда да, бұл қажеттілікті жылдың ортасында Ұлттық қордан жабуға тура келеді», – деді Наталья Годунова Парламенттің бірлескен отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, бұл істе бюджет тәуекелдерін тиімді басқару маңызды.

«Үшжылдық бюджет деген формалды дүние ғана болып қалғаны баршаға аян. Үш жылдық бюджетті қалыптастырудың өзіне ғана өте көп уақыт кетіп жатыр. Ал нақтылау және түзету кезінде алғашқы бір жылы ғана ескеріледі. Қалған екі жылына мән де бермейміз. Келесі кезеңге бюджет жоспарлаған кезде өткен жолы қолдау тапқан шығыстардың бір бөлігі түсіп қалуы да мүмкін. Салдарынан аяқсыз қалған жобалар, құрылысы бітпей қалған нысандар пайда болады. Біздің ойымызша, біржылдық бюджет жоспарлау жүйесіне оралу мәселесін көтеретін кез келді», - деді комитет басшысы.

Айта кету керек, Наталья Гоуднованың дерегі бойынша, Былтыр Ұлттық қордан алынған қаражат түскен кірістен асып кеткен.


Соңғы жаңалықтар