Есенқұл Сафуани - Тәуелсіздік туралы Заңға ілеспе аударма жасаған тұлға

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы Заң шығару институтының жетекші ғылыми қызметкері, белгілі журналист Есенқұл Сафуани 75 жасқа толды. Танымал публицист Сәулебек Жәмкеновтің «Үш қиян» баспасынан шыққан «Жеті бел асқан жетеу» атты кітабында Е. Сафуани жайлы қызғылықты деректер бар. Өнегелі өмірі кітапқа арқау болған тұлға туралы сыр шертуді жөн санадық.

Е. Сафуани 1946 жылы 18 желтоқсанда Қарақалпақстанның батысында орналасқан, Маңғыстаудың маң даласымен шектесіп жатқан Қоңырат ауданының 5-ауылында дүниеге келген.

Бастауыш білімді ауылында алған Есенқұл Қоңырат қаласындағы тұтынушылар одағының дайындық мекемемесінде жұмысшы бола жүріп, Н. И. Лобачевский атындағы кешкі жұмысшы жастар мектебінде оқыды.

Бұл бір аңызға толы өңір. Бір кездері Ырғыз-Торғай көтерілісінің көсемі Әзберген Мұңайтпасұлы ойға құлап, осы Қоңыратты билеген. Атақты батыр сондағы қазақпен бірге қарақалпақтарды да түркімен шапқыншыларынан қорғағаны жайлы дерек көп. Оның бұл ерлігін қарақалпақтың классик ақыны Бердақ Қарғабайұлы өзінің «Әзберген би» дастанында « бұл батырдың ерлігі «Шаһнамадағы» Рүстемнен кем емес» деп жырлаған.

Бабалары ат ойнатқан құла қырда өсіп, бала күнінен олардың ерлігі жайлы аңыздарды тыңдаған Есенқұл сөзге құмар болды. Бәлкім, өңірде дүниеге келген қандас ағалары Жаңабай Сапаров пен Төлеген Айбергеновтердің қарақалпақ, қазақ әдебиетінің жұлдыздарына айналуы оның арманын ұштаған болуы да мүмкін.

Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбай Қарақалпақстанның Шоманай ауданында туған дарынды ақын Сабар Адай жайлы «Өзегіңді үзе сүй өз еліңді» деп аталатын мақаласында: «Олардың (жастық шағы жат жерде өткендердің-Б. Ұ.) көкірегінде дәйім туған елі тұрды. Кешегі еркін дәурені тұрды. Көз алдарында көлеңдеп баба заманның байырғы көріністері жүрді. Туған тілін, әдет-ғұрпын, сүйекке сіңген мінез-құлқын кір жуып, кіндік кескен атамекеннен алып кеткен бірден-бір асыл қазыналары санап қастер тұтты. Соның арқасында шет жердегі мүскіндіктің диірменіне қанша түссе де, мұрттары шағылмастан бүтін шықты. Қаз қалпында қазақтар болып бүтін оралды» деген болатын. Бұл сөздерді Есенқұлға қатысты қолдансақ та негізгі ойдан қияс кетпейміз.

Сөзге деген махаббат атамекенге деген махаббатпен астасып кетті. Ол арман қанатында қалықтай ұшып, КазГУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсырды. Бағы жанып, 1969 жылы студент атанды.

Қазақ тілінің бар байлығын көкірегіне хаттап өскен Есенқұл арман, сағынышын жеткізу үшін «Толқын» атты қолжазба журнал шығарды. Әрине, бұл тек өзінің ғана емес, жан-жақтан жиналған жастардың мақсат-мұратына барар биікке баспалдақ жасаудан туған ой-тұғын.

Жекен Жұмаханов пен Оралхан Бөкей журналға алғысөз жазса, белгілі ұстаз Әбілфайыз Ыдырысов тұсаукесер өткізуге басшылық жасап, жас студенттің мерейін өсіріп, беделін көтеріп тастады.

Есенқұл Университетті бітірген соң Қазақ ұлттық телевидениесіне редактор болып жұмысқа орналасты. Сол кездегі көркем, ғылыми танымдық, деректі фильмдер, оларды түсіруге қатысқан шығармашылық адамдары жайлы телеочерктер жасап, тележурналистиканың дамуына өз үлесін қосты. Сол арқылы байтақ елге белгілі болды.

«Қазақфильм» өз тарихында 100-ден аса көркем, 500-ден деректі фильм түсерген десек, 70-жылдар кино өнеріміздің ерекше дамыған шағы. «Атаманның ақыры» (1971), «Қыз Жібек» (1972) ,«Орман балладасы»(1972) сияқты кесек туындылар сол дәуірдің жемісі десек, Есенқұлдың кейіпкерлері айқындала түседі.

Есенқұл Сафуани 1980-87 жылдар аралығында «Қазақстан» баспасында аға редактор ретінде жемісті еңбек етті.

«Саяси экономия» оқулығын, К. Маркс пен Ф. Энгельстің 3 томдық шығармалар жинағын, Ф. Энгельстің «Табиғат диалектикасы» , И. Бережковтың «Потсдамға жеткізер жол» кітаптарын аударуға, редакциялауға қатысты. Қазақстан ССР-інің 1978 жылғы конституциясының жауапты редакторы болды.

1987 жыл Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумына жауапты қызметкерлікке қабылданды. 1990 жылы сектор меңгерушісі болды. 1991 жылдың 16 желтоқсаны еліміздің тарихында да, кейіпкеріміздің өмір жолында да естен кетпес елеулі оқиға ретінді қалғаны даусыз. Еліміздің егемендігінің бастауы болған сол күні жарияланған «ҚР Тәуелсіздігі туралы» заңын төл тілімізге аударған әрі оны залда отырып тыңдаған бақытты жандардың бірі осы Есенқұл Сафуани болатын. Сол кездегі оның тебіренісін, қуанышын сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес. Өйткені, зұлмат жылдардың зобалаңынан қашып сыртқа ауып кеткен елдің ұрпағы әрі ондағы күйкі тірліктің шет жағасын өз көрімен көрген кісі үшін туған елдің егемендігінен асқан бақыт бар ма?

Есенқұл Сафуани өзіне тапсырылған істі дер кезінде орындайтын жауакершілігінің, терең білімінің арқасында айналасына беделді бола білген жан. Ешқандай мекеме мұндай маманнан айрылғысы келмейді. Сондықтан да болар, ол көп қызмет ауыстырмаған кісі. 1996 жылы қаңтарда қос палаталы парламент құрылған шақта ол Сенаттың Редакциялық –баспа бөлімінің сектор меңгерушілігіне тағайындалды. 2000 жылдың сәуірінен бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды.

Осы орайда тағы бір маңызды оқиғаны айтпай кетсек болмас. Ол 1997 жылы 9 желтоқсанда әріптестерімен бірге Сарыарқа төріне қоныс аударды. Ертеңіне яғни, 10 желтоқсан күні Ақмола қаласын Астана деп өзгерту декларациясын жариялау салтанатында отырыстың ілеспе аудармасына қатысты. Сондықтан да, Есенқұл Сафуанидің есімі Сәдібек Түгел мен Дәурен Мұса шығарған «Алғашқы Астаналықтар»–«Первопроходцы Астаны» анықтамалығының 1-томына енді.

Есенқұл Сафуани Сенат пен ҚР Заң шығару институты Лингивистика және халықаралық шарттар жобаларына ғылыми лингивистикалық сараптама секторында еңбек ете жүріп, шығармашылығының басым бөлігін халықаралық терминдердің қазақша дұрыс аударылуына, жасалуына атсалысты. «Обьект», «субъект», «реконструкция», «форма», «процесс», «формальность», «формальная проверка», «широкоформатная печать», «нормативные акты», «номинальный стоимост» сияқты термин мен тіркестердің қазақша баламасын жасауда бұл кісінің еңбегі орасан. «Аударма дәлдікті қажет етеді», «Ізденіс пен нәтиже», «Термин–заңнамалық актілердің негізі», «Заң қазақша жазылсын десек», «Заңнамадағы терминдердің атқаратын рөлі», «Ниет пен нәтиже» т.б. мақалаларында көтерілген өзекті мәселелер әлі өз маңызын жойған жоқ.

Есенқұл Сафуанидің тағы бір елеулі ісі – Болат Қарақұловпен бірге жерлесі, жиырмасыншы ғасырдың даңғайыр жырауы Наурызбек Нұржаубайұлының және Қарақалпақстандағы басқа жыраулар шығармашылығын 1982 жылы 17 таспаға жазып алып, Қазақстанға табыстауы дер едік. Бұл ерен еңбекті келер ұрпақ кәдесіне жаратар деген ойдамыз.



Соңғы жаңалықтар