Ержан Максим байқау кезіндегі тосын оқиғалар туралы айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Польшада өткен «Junior Eurovision-2019» ән байқауында екінші орын алған Ержан Максиммен кездесіп, жас өнерпазды жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанға, өнер сүйер қауымға үлкен сый алып келген – кішкентай Ержан баламызды құттықтаймыз. Осындай жетістіктерге жете бер. Жүзден жүйрік шыққаныңа мың да бір алғыс. 3 миллионнан астам адам дауыс беріпті (...) Осындай жетістіктер бір мезгілде болмайды. Бұл – үлкен жұмыстың нәтижесі. Отбасының, елінің қолдауының, Ержанның еңбекқорлығының нәтижесінде ұлымыз осындай жеңіске жетті. Бизнесте жүрген, әлеуметтік жауапкершілікті сезінген азаматтарымыз да көмектесті. Мемлекеттен қаржы да бөлінді. Сондықтан, біздің еліміздің туын, мәртебесін көтергенің үшін саған көп рахмет», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Өз кезегінде Ержан Максим байқау кезінде басынан өткен қызықты оқиғаларды айтып берді.

«Мені қолпаштап, осылай құрмет көрсетіп жатқаныңызға көп рахмет! Байқауда өте қиын болды. Бірақ, ең қызығы байқауда менің құлағыма құлаққап сыймай қалды. Сосын скотчпен құлағыма жабыстырып тастадым. Тағы да көп қызықтар болды. Балалардың бәрі кешке қарай бірге көңіл көтеріп, вальс биледік. Қарсыластарым өте мықты болды. Тамақ жақпай, ерніме ұшық шығып, әрең кетірдім», - дейді Ержан Максим.

Еске сала кетсек, Польшада өткен «Junior Eurovision-2019» ән байқауында бақ сынаған қазақстандық Ержан Максим екінші орын алған болатын. Қазылардың берген бағасы бойынша Ержан Максим бірінші орын алды. Ал онлайн дауыс беру қорытындысымен 79 ұпай жинады. Осылайша қазақстандық әнші жалпы 227 ұпаймен екінші орынды еншіледі. Байқаудың бас жүлдесін 278 ұпай жинаған Польша өкілі Вики Габор жеңіп алды.

Айта кетсек, бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ержан Максимді ән байқауындағы жүлдесімен құттықтағаны хабарланған болатын. Өз кезегінде Ержан Максим қазақстандықтарға алғысын айтты.

«Құрметті достарым, апа-ағаларым, ата-әжелерім. Маған дауыс бергендеріңіз үшін көп-көп рахмет! Осы жеңіске сіздердің арқаларыңызда жетіп отырмын», - деп жазды әнші instagram-да.

Соңғы жаңалықтар