Ерұлан Жамаубаев квазимемлекеттік сектордың тиімсіз субъектілеріне қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін барынша оңтайландыру көзделіп отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Есепті талқылау кезінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметі бойынша ескертулер мен ұсынымдар айтылды. Бұл - компаниялардың шығындылығы, олардың шоттарындағы бюджет қаражатының айтарлықтай қалдықтары және басқалар.

Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін барынша оңтайландыру көзделген. Шығынды компаниялар бойынша сауықтырудың арнайы жоспары қабылданатын болады. Егер осы шара ұйымның нәтижелерін жақсартпаса, онда ол жекешелендірудің, қайта құрылымдаудың немесе таратудың тиісті жоспарына енгізіледі», - деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін бағалау олардың бәсекеге қабілеттілігі, рентабельділігі, кірістілігі және қаржылық тұрақтылығы тұрғысынан жүзеге асырылатын болады.

«Есепті талқылау кезінде Ұлттық қордың жинақтау функцияларын күшейту мәселесі де көтерілді. Осыған байланысты өткен жылы Ұлттық қордың активтері 742 млрд теңгеге өскенін атап өту керек. Қорды басқарудан түскен инвестициялық кіріс 4,1 трлн теңгені құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бюджет кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес 2024 жылдан бастап кепілдендірілген трансферт бойынша жаңа контрциклдық қағиданы қолдану жоспарланып отыр. Кепілдік берілген трансферт мұнайдың консервативтік бағасы (кесімді баға) кезінде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер мөлшерінен аспайтын мөлшерде айқындалатын болады. Бұл мұнайға тәуелсіз тапшылықты төмендетуге және Ұлттық қордың өсуіне ықпал етеді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар