Ерұлан Жамаубаев қаржы саласын цифрландырудың нәтижелерін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кірістер бойынша жоспар 22 млрд теңгеге артығымен орындалды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы орайда министр бюджеттің жекелеген параметрлеріне және Үкіметтің есебін талқылау кезінде айтылған маңызды мәселелердің шешіміне тоқталды.

«Трансферттерді есепке алмағанда кірістер бойынша жоспар 22 млрд теңгеге артығымен орындалды. Бюджетке 6,6 трлн теңге түсті. Салық түсімдері 5 трлн 576 млрд. теңгені құрап, жоспар 100,3 пайызға орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және шикі мұнайға салынатын экспорттық кедендік бажға тиесілі. Сонымен қатар, жоспар қосылған құн салығы бойынша 256 млрд теңгеге атқарылмаған. Бұл қосылған құн салығын қайтарудың өсуіне, тауар айналымының күрт азаюына және елдің сыртқы саудасының төмендеуіне байланысты болды», - деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, коронавирус дағдарысы жағдайында Ұлттық қордан трансферттер тартудың өскені орын алды, оның көлемі бюджет кірістерінің 45 пайызын құрады. Бұл ретте қосымша соманы есепке алмағанда, бюджет кірістерінің құрамындағы трансферттердің үлесі өткен жылдар деңгейінде сақталды.

«Әрине, шикізаттық емес кірістердің жаңа көздерін іздеу мен фискалдық әкімшілендіруді жақсартудың маңыздылығын түсінеміз. Осыған орай көлеңкелі экономиканы қысқарту мен салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Камералдық бақылау тиімділігінің 1,5 есеге өсуі қамтамасыз етілді, осыған байланысты субъектілер 490 млрд теңгені тексеруге шықпай бюджетке өздері төледі. Бұл ретте, дағдарысқа қарсы шаралар аясында шағын және орта бизнеске қатысты салықтық бақылау шаралары 6 айға тоқтатылды. Осыған қарамастан, әкімшілендіруді жақсарту есебінен, цифрландырудың арқасында біз 700 млрд теңгеден аса бюджетке қосымша түсімдерге қол жеткіздік», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар