Ертіс өзенінен 3,4 млн теңгенің бекіре балығын аулаған браконьер ұсталды
Балық шаруашылығы комитетінің Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Павлодар облысының Май ауданында Ертіс өзенінің «Белая» ағынында рейд жүргізген.
Оның барысында 27 шілде сағат 22.30-да «Вихрь-25» аспалы моторы бар «Казанка» қайығында тормен заңсыз балық аулаған С. атты азамат ұсталды.
Кемені қараған кезде бекіре тұқымдас балықтар табылды. Оның ішінде салмағы 4 кг 1 сібір бекіресі және жалпы салмағы 8.8 кг 14 дана стерлет бар.
Балық ресурстарына келген залал 3 469 771 теңгені құрады.
Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін аулағандарға ҚР ҚК 339-бабында жауапкершілік көзделген.
Ол үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар.
Осыған байланысты оқиға орнына Павлодар облысы Май аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақырылып, материалдар қылмыстық іс қозғау үшін берілді.
Аталған факті Балық шаруашылығы комитетінің бақылауында.