«Ertis» футболдан Қазақстан чемпионатына қатысудан бас тартты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Павлодардың «Ertis» клубы футболдан Қазақстан чемпионатына қатысудан бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан кәсіпқой футбол лигасына сілтеме жасап.

Кәсіпқой футбол лигасы атына аталған командадан өтініш түскен. Өтініште футбол клубының қамқоршылық кеңесінің жалпы жиналысында клуб тарапынан қаржы және спорттық міндеттемелерді орындай алмайтындығы жөнінде шешім қабылданғаны жөнінде айтылған. Осыған байланысты команда 2020 жылғы Қазақстан чемпионатына қатысуға бас тартқан.

«Қабылданған өтінішке байланысты «Ertis» футбол клубы чемпионатқа қатысушылар тізімінен шығарылады. Футболдан Қазақстан чемпионатыны регламентінің 4.18 пунктіне сәйкес егер де чемпионаттан шығарылған клуб чемпионат барысында 22 ойыннан кем кездесу өткізсе (1-ші және 2-ші айналымды аяқтамаса), оның барлық нәтижесі жойылады. Сонымен қатар «Ertis» клубының бас командасы Қазақстан чемпионатына қатысуға бас тартқаны үшін клубтың жастар командасы екінші лига командалары арасындағы біріншілікке қатыса алмайды. «Ertis» футбол клубының барлық ойындары Чемпионаттың жаңартылған күнтізбесінен алынып тасталады», - деп мәлім етті Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы.

Естеріңізге сала кетелік, команда 1965 жылы құрылған. Қазақстан чемпионатында 1993, 1997, 1999, 2002, 2003 жылдарда чемпион атанса, 1994, 1996, 2004, 2012 жылдарда күміс жүлдегер болды. Ал 1992, 1998, 2000, 2008, 2010, 2016 жылдарда қола жүлдеге қол созды.

«Ertis» биылғы чемпионатта екі ойын өткізді. Алдымен Қызылордада жергілікті «Қайсардан» 0:1 есебімен жеңілсе, одан кейін өз алаңында Петропавлдің «Қызылжар» клубымен 1:1 есебімен тең түсті. Турнир кестесінде 1 ұпаймен тоғызыншы орында тұрған болатын.

Бұдан бұрын футболдан Қазақстан чемпионатын жалғастырудың екі жоспары анықталғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар