«Ertis» футбол клубына қандай ойыншылар жетіспейтіндігі айтылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – «Ertis» павлодарлық футбол клубының спорттық директоры Эдуард Глазунов клубтың трансферлік саясаты туралы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Эдуард Глазуновтың айтуынша, клуб басшылығы мен жаттықтырушылары басқа командаларда доп теуіп жүрген Павлодар футболының түлектерін мұқият бақылауда. Шабуылшы Арман Смайыловтың командаға қайта оралу мүмкіндігі туралы айтқан ол: «Әлбетте, біз ондай футболшыларды назарымызда ұстаймыз. Өкінішке орай, ондай ойыншылар Премьер-лигада көп емес. Тіпті, Максим Федин мен Дмитрий Шомконы қарастырдық. Алайда, олар тым қымбат. Смайыловты алсақ, ол «Ақжайықта» бір маусым ойнап, алаңға жиі шығып өнер көрсетті деуге болмайды. Бұл жерде соңғы шешімді жаттықтырушылар мен сарапшы шығарады», - деді Эдуард Глазунов.

Клубтың спорттық директоры командадағы проблемалық позицияларды да атап өтті. Оның айтуынша, өткір шабуылшының жоқтығы мәселесі шешімін таппай келеді.

«Биыл бізде мықты шабуылшы болмағаны жасырын емес. Дегенмен, Георгиевич бірқатар ойындарда команданы алға сүйреді. Мәселен, «Таразға» шешуші гол соғып, дәл соққысымен бізді 2:0 есебімен жеңіп тұрған «Шахтердің» ойсырай жеңілуіне жол ашты. Дегенмен, шабуылшы мәселесі шешілмеді», - деді ол.

Одан басқа командаға мықты қақпашы, орталық қорғаушылар мен жартылай қорғаушылар қажет. Мұндағы басымдық бірнеше позицияда еркін ойнай алатын әмбебап футболшыларға беріледі.

Эдуард Глазунов айтқандай, команданың сербиялық бас бапкері Милан Милановичке бір елден үш легионерден артық ойыншы алмау ұсынылды.

«Биыл Миланович Георгиевич, Станоевич пен Стаменковичті алдыртты. Урош Витасты қосқанда бізде төрт серб легионері болды. Алайда олар жерлесін қолдап, бас бапкерді жерге қаратпауға тырысты. Дегенмен, біздер бас бапкердің пікіріне әсер ете аламыз. Өзара әңгіме барысында бір елден 2-3 ойыншыдан артық алуға болмайды деген шешімге келдік», - деді клубтың спорттық директоры.

Айта кетейік, Ertis келер маусымға әзірлікті 8 қаңтарда бастайды. Бүгінде команда алты ойыншысымен келісімшартты ұзартты.

Соңғы жаңалықтар