Ертең автоқызмет көрсететін ХҚО-лар жұмысын қайта бастайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 12 қаңтардан бастап мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын қайта бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықовтың мәлім еткеніндей, мемлекеттік қызмет көрсететін мамандандырылған ХҚО-лар дүйсенбі-жұма күндері аралығында сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.

Оның сөзіне қарағанда, әзірге үш өңірде – Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарында ғана автоХҚО-лар ашылмайды. Олардың қызметінің жандануы бойынша ақпарат қосымша хабарланады.

«Автоқызметтер – сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірі. Мамандандырылған ХҚО-лар қайта ашылған кезде оған клиенттердің көптеп келетінін болжап отырмыз. Кезек бола қалса, сабыр сақтап, бұл жағдайға түсіністікпен қараған жөн. Сондай-ақ автокөлікті Kaspi және Halyk Homebank банк қосымшалары арқылы қайта ресімдеуге болатынын еске саламын. АвтоХҚО-ларда кезек тудырмас үшін осы сервистерді пайдалануға кеңес беремін», - деді Ә.Қожықов.

Мамандандырылған ХҚО ғимаратына адамдар «Ashyq» қосымшасымен кіре алады. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты клиенттер бетперде тағып, санитарлық талаптарды сақтауы тиіс.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ХҚО-лар жұмысы жанданғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар