Ерлан Тұрғымбаев жас полицейлерге алғашқы қызметтік куәліктерін тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні полиция қызметкерлерінің қатарына қосылған жастар үшін ерекше күн ретінде есте қалатын болды. Мереке күні Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жас лейтенанттарға алғашқы қызметтік куәліктерін тапсырды. ҚазАқпарат бұл туралы ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Куәлікті табыстау рәсімі ІІМ-нің музейінде өтті. Дәл осы музейде Қазақстанның ішкі істер органының құрылу және даму тарихы туралы естеліктер сақталған.

ІІМ басшысы осынау жауапты сәттің маңыздылығын ерекше атап өтіп, әрбір азамат Әнұран, Елтаңба мен Туды құрметтеп, өз Отаны мен елін сүюі керектігін баса айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев полиция алдында нақты міндетті қойды – біз қоғамдық тәртіпті сақтап, қиын жағдайда азаматтарға көмектесуіміз керек. Полицияның жұмысына бағаны халық береді. Сол себепті өз істеріңіздің нағыз маманы болуға және халықтың мүддесін бірінші орынға қоюға шақырамын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Жас офицерлер арнайы бөлімдерге, патрульдер мен жасөспірімдер ісі жөніндегі полиция қатарына барады. ІІМ музейінде жастар ішкі істер органының тарихымен танысып, халықтың мүддесі үшін жұмыс істеуге ант берді.

Жалпы жыл басынан бері «полиция лейтенанты» арнайы атағы ішкі істер органдарының 1724 қызметкеріне берілген.


Соңғы жаңалықтар