Ерлан Тұрғымбаев Түркия Жандармерия Бас қолбасшысының орынбасары Зафер Кочпен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Түркия Республикасы Жандармерия Бас қолбасшысының орынбасары Зафер Кочпен кездесті. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Түркия Республикасы Жандармерия Бас қолбасшысының орынбасары Зафер Кочпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты талқылады. Кездесу Түркия Республикасы жандармерия делегациясының Қазақстан Республикасына жұмыс сапары аясында өтті. Кездесу барысында министр Мемлекет басшысының достық пен өзара түсіністік рухында қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан-Түркия қарым-қатынастары және кең ауқымды мәселелер бойынша ортақ көзқарас туралы сөздерін тілге тиек етті», - деді Нұрділдә Ораз министрліктің баспасөз алаңында өткен дәстүрлі брифинг барысында.

Оның айтуынша, кездесуге қатысушылар арасында қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары туралы айтылды.

«Ерлан Тұрғымбаев бұл үшін қажетті шарттық-құқықтық база құрылғанын атап өтті. Бұдан бұрын Қазақстан мен Түркия ІІМ арасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылған. Тараптар кездесу барысында қоғамдық тәртіпті қорғау саласындағы ынтымақтастықты, терроризмге қарсы операциялар бойынша бірлескен курстар өткізуді, кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру саласында тәжірибе алмасуды, курстық даярлықты ұйымдастыруды және өзара іс-қимылдың басқа да мәселелерін талқылады», - деді ол.

Ресми өкілдің атап өтуінше, келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар