Ерлан Тұрғымбаев бірқатар облыстың бас полицейін жазалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев аумақтық полиция департаменттерінің және бейінді қызметтердің басшыларымен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарының, сонымен қатар жасөспірімдер қылмысының алдын алу мәселелеріне арналған жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, министр бірқатар өңірлік департаменттердің балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдерге қатысты қылмыстардың, оның ішінде пайдакүнемдікпен зорлық жасау, жыныстық сипатта тиісу сынды қылмыстардың өсуінің алдын алу бағытындағы жұмыстарының кемшіліктерін нақты көрсетіп берді. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау және Жамбыл облыстық Полиция департаменттерінің басшылары сынға ұшырады.

Кеңес қорытындысында бірқатар басшы қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Атап айтқанда, Жамбыл облыстық Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевке қызметке толық сай еместігі ескертілді. Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстановқа қатаң сөгіс жарияланды. Алматы облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Ұрымхановқа бұған дейін де қатаң сөгіс жарияланған еді. Тараз қалалық Полиция басқармасының бастығы Ардақ Мадимаров қызметінен босатылды. Бұған қоса, Тараз қалалық полиция басқармасы қызметтерінің басшылары жазаланып, мектеп инспекторы ішкі істер органдарынан қуылды.

Барлық өңірлік басшыларға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қордаланған проблемалы мәселелерді тыңғылықты саралап, шешу тапсырылды. Олардың қатарында учаскелік полиция мен мектеп инспекторларының жұмысын ұйымдастыруды өзгерту, олардың білім беру ұйымдарымен және әкімдікпен өзара іс-әрекеті, күзет ұйымдарын мектептер мен балабақшалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдыру мәселелері бар.

«Аумақтық департаменттердің басшыларының назарын полицияны бағалаудың негізгі индикаторларының бірі кәмелетке толмағандардың қылмыстық озбырлықтан қорғалу деңгейі екендігіне аудартамын. Дәл осыны адамдар бізден күтіп отыр. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз», - деді Е.Тұрғымбаев.

Соңғы жаңалықтар