Ерлан Сыдықов: Тұңғыш Президент күні - Қазақстан халқының мәртебелі мерекесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Биыл Отанымыз жетінші рет мемлекеттік мереке - Тұңғыш Президент күнін атап өтіп отыр. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаласы мереке қарсаңында жариялануының да рәміздік мәні бар. Бұл - көшбасшы мен халық мүддесі ықпалдастығының көрінісі. Мұндай пікірді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұңғыш Президент күні - Қазақстан халқының мәртебелі мерекесі. Бұл - тарихи таңдау күні, барша отандастарымыздың Ұлт көшбасшысы төңірегіне топтасу күні. «Ері жоқ болса, ел - жетім, елі бағаламаса, ер - жетім» дейді халық даналығы. Тәубе, бізде Елін өрге сүйрейтін Ер де, азаматын құрмет тұтатын Ел де бар. Биыл Отанымыз жетінші рет мемлекеттік мереке - Тұңғыш Президент күнін атап өтіп отыр. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаласы мереке қарсаңында жариялануының да рәміздік мәні бар. Бұл - көшбасшы мен халық мүддесі ықпалдастығының көрінісі. Елбасы күні де қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайтыны мәлім. Президенттік билік пен тәуелсіздіктің 27 жылдық тәжірибесі Қазақстан үшін осы басқару формасының тиімді екенін дәлелдеп, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді», - дейді Е.Сыдықов.

Ғалымның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстан Республикасы Орталық Азия өңірі мен ТМД-да алдыңғы орынға шықты. Әлеуметтік-бағдарлы экономикалық бағыттағы бастамаларымыз заманауи, қарқынды дамушы мемлекет құруды қамтамасыз етті.

«Осыдан 21 жыл бұрын Президентіміз ел дамуының даңғыл жолын байыптайтын ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасын ұсынғаны мәлім. Салмақты құжатта өткен күндер бағамдалып, болашақ еншісіндегі іргелі істер межеленді. 1997 жылы осы бағдарламаны жария еткенде Елбасымыз: «Біз нені құрғымыз келеді, таңдаған мақсатымызға жеткізетін дамуымыздың траекториясы, магистралі қандай болуы тиіс, соны анық білуіміз және айқын түсінуіміз керек» деген еді. Айтқаны айнымай келді. Қазақстан халқы аянбай еңбек етіп, елдік әлеуметтік-экономикалық дамуы көш бастап келеді. Осы күнге дейінгі жетістіктеріміз Қазақстанның болашағын жаңаша межелеуге мүмкіндік беріп отыр. Келесі кезеңде яғни 2050 жылға дейінгі Стратегияда инновация, өндірістік-экономикалық серпін темірқазық етіп алынады. Бұйырса, таяу болашақта халқымыздың өмір сүру сапасы орташа еуропалық деңгейге сәйкеспек. Ұлт көшбасшысы мұны сеніммен айтты, халық елдік іске бір кісідей жұмылды», - деді ол.

Е. Сыдықов Елбасы - Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен аймақ қауіпсіздігін нығайтуға ерекше ықпал етіп келе жатқан әлемдік тұлға екендігін атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы 1992 жылы желтоқсан айында өткен Қазақстан халқы форумында  еліміздегі бірлік пен келісімнің ұйытқысы - Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы бастама көтергендігін тілге тиек етті. Бүгінде Ассамблея қызметі Елбасы үмітін ақтағанын елдегі береке-бірліктен көрінеді.

«Елбасы тарихты саралап, Қазақ елінің мемлекетшіл мұраты - «Мәңгілік ел» деп ерекше айтқанда да, елдік береке-бірлікті, өңірлік достық және экономикалық қарым-қатынасты, дүниежүзілік өріс пен өрлеуді көздеп айтқанын ұмытпаған абзал. Бұл ретте айтқан: «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» деген сөзі бүгін де, болашақта да әлемді, елді ұйыстырады деп есептейміз. Ал, Мемлекет басшысының таяудағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаласы - ұлттық абырой бастауын нұсқайтын, елді өнеге өрісіне бастайтын жол, жаңғырған Қазақстанның баянды бағдары. Мақаладағы сүбелі ойлар қатарында ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт, атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, алма мен қызғалдақ отаны ұғымының мәні, сонымен қатар тарихи сананы серпілту мақсатындағы «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» секілді ұлттық жобалар мен идеялардың қоғам талқысына салынуының және атқарушы билікке тапсырылуының жөні де, жүйесі де айрықша. Бұл - әлем таныған елдің арғы тарихы әлеуетін аңғарту. Бұл - Қазақстанның өрісті өресі, мемлекетшіл межесі», - деп бөлісті пікірімен ректор.

Оның пікірінше, бұл мақаланың стратегиялық маңызы бар және оны ғылыми методологиялық мақала деп түсіну қажет.

«Біздің ұлы бабаларымыз Ұлы далаға маңдай терімен ие бола отырып, алдына қандай мақсаттар қойды? Әрине, кеңістікті ұлғайту, кеңістікті кеңейту. Яғни, ата-бабаларымыз уақытқа ие болу, уақытты басқару мәселесін үнемі алға шығарып отырған. Міне, осындай мақсатқа жұмыс жасаған кезде Елбасы айтып отырған «Ұлы даланың жеті қыры» дүниеге келді. Бұл жерде «қыры» деген сөзді «қасиеті», «құдіреті» деп те айтуға болады. Өйткені бұл соған тұрарлық құндылықтар, өйткені ата-бабаларымыз ғасырлар бойы  ойлап тапқан дүниелер осы күнге дейінгі әлемдегі адамзаттың пайдасына тиіп, әлем өркениетіне еніп, соған көмек көрсетіп, осы дәрежеге жетуіне толық себеп болып отыр. Мақала неліктен «Ұлы даланың  жеті қыры» деп аталды? Өйткені, «жеті» деген қасиетті сан, қазақ жеті санына айрықша мән берген. Соның ішінде «Жеті қат көк», «Жеті ата», «Жеті қазына» дейді. «Жеті жұрттың тілін біл» дейді. Барлығын осы жеті санына алып барады. Жеті жиынтық сан, ол жетіден көп те болуы мүмкін. Бұл орайда Елбасы әлемдік өркениетке үлес қосқан жеті қазынаны айтып отыр», - дейді ҰҒА академигі.

ЖОО ректоры дара тұлғаны заман тудыратынын тарих әрқашан есімізге салып отыратынын айта келе, тарихи тұлғаны өз заманындағы түрлі шешуші оқиғалардан бөліп қарауға болмайтынын жеткізді.

«Жалпы тәуелсіздік дегенде ел санасында өркенді халқымыз бен тұңғыш Президентіміз туралы таным-түсінік жаңғыруы тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев - әрі өркениеттік, әрі жасампаз тұлға. Оның көшбасшылық болмысында ұлтымыздың асыл мұраттары мен әлемдік және ұлттық өркениет жетістіктері тоғысқан. Мұны Л.Н.Гумилев теориясымен байыптасақ, сөзсіз пассионаралық құбылысына жатқызар едік. Дана Абайдың ғақлияларында кемел немесе толық адам туралы ой айтатыны естеріңізде шығар. Бұл ұғымның Шығыс пен қазақта айқындалған нақты анықтамасы да бар. Қазақстан халқы үшін күн-түн демей жанын шүберекке түйіп, әлемдік арнада Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалаушы Тұңғыш Президентіміз - сол кемелдікке абыроймен жеткен тұлға. Мұны дүние жүзі сарапшылары айтады, біз оған мақтанышпен қуанамыз», - деп түйді ойын ғалым Ерлан Сыдықов. 

Соңғы жаңалықтар