Ерлан Саиров: Бейбіт жиындар туралы заң жобасы либерализация жағына өзгеріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров «ҚР-да бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы қалай жетілдіріліп, құжатқа қандай өзгерістер енгізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл заң жобасының ең алғашқы және қазіргі нұсқасының арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей нұсқауы бойынша 250 адам (митингке қатысушылар саны – ред.) жөніндегі шектеу алынып тасталған болатын. Мәжіліске түскеннен кейін бұл заң либерализация жағына өзгеріп жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл мәселемен тікелей айналысуда», - деді Ерлан Саиров ҚазАқпарат тілшісіне.

Саясаттанушының айтуына қарағанда, заң жобасында журналистерге қатысты шектеулер барынша алынып тасталған. Сонымен бірге митингтің өтетіні жайлы билікті құлақтандыру мерзімі 15 күннен 10 күнге дейін қысқарды. Одан бөлек пикеттерді өткізуді де либерализациялау мәселесі кеңінен пысықталуда.

«Ұлттық кеңестің мүшелері депутаттарға бұл заңның тәрбиелік мәні және осы заңды қолданушыларға ыңғайлы ету жағын да қарастыру туралы өтініш айтты. Кеше заңды әзірлеуші мүшелер – Евгений Жовтис, Мұхтар Тайжан, Мұрат Әбенов, өзім бар депутаттармен тағы бір рет онлайн-конференция өткіздік. Менің ойымша, қазіргі таңда заңның қарастырылуы – бүгінгі қоғамдық тенденцияға сәйкес келеді», - деді ол.

Еске сала кетсек, осы жылдың ақпан айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам талқылауына түскен бейбіт жиындарды өткізу тәртібі туралы заң жобасына пікір білдірген еді. Мемлекет басшысы бейбіт митингілерге қатысушылар санын 250 адаммен шектеуді жөнсіз деп санайтынын айтты.


Соңғы жаңалықтар