Ерлан Қожагелдиев: ҚазАқпарат - тарих жылнамасын таспалайтын ақпараттар ағынының бәйтерегі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің құрылғанына да 100 жыл толды. Осы орайда агенттікте ұзақ жылдар бойы қызмет етіп жүрген өз ісінің нағыз кәсіби мамандары жайында материалдар топтамасы жарияланып келеді. Бүгін біз ҚазАқпараттың қазақ редакциясында шығарушы редактор қызметін атқаратын Ерлан Қожагелдиев ағамызды әңгімеге тартқан едік. Белгілі журналист ағамыз «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің, «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалінің иегері және басқа да марапаттармен аталып өткен.

- Ерлан аға, қазақ телевизиясының ардагерісіз және «ҚазАқпарат» агенттігінде 20 жылға жуық уақыт қызмет етіп келесіз. Біздің агенттікке 100 жыл толып отырған сәттегі ішкі толғанысыңыз қандай?

- Әдетте, басып өткен жылдар белесін еске алу, артыңда қандай жарқын із қалдыра алдың, әттеген-айлар болды ма, бәрі-бәрін бір сәт ой елегінен өткізу – өмір заңдылығы. Сондайда тағдыр айдап, «қандай ортаға түстің, мына қамшының қысқа сабындай ғұмырыңда қандай ұжымға тап болдың, сол ортада қарым-қабілетіңді көрсете алдың ба, жоқ көптің бірі болып күйкі тіршілік кештің бе?» деген сауалдың көкейде көлденең тұратыны бар.

Өйткені, ұжым – екінші отбасың іспеттес. Ал басшысы да, қосшысы да келіскен ортаға түссең, тіпті ғанибет. Әр күніңнен еңбек ләззатын алып, өз ортаңның қызық-қуанышына ортақтасасың. Өз қарым-қабілетіңе сай биіктерді бағындыруыңа да қамшылайтыны рас... Ал менің ұжымым – тәулік бойы, яғни 24 сағат, бірнеше тілде әлемнің түкпір-түкпіріне ақпараттар легін тарататын, сүйекті мақалаларынан ұлтымыздың мақсат-мүддесімен тоғысып жатқан өзекті мәселелер айқын көрініс тауып жатқан «ҚазАқпарат» ХАА.

ҚазАқпарат - осы жылдар ішінде қаншама «тар жол, тайғақ кешуді» елімен бірге бастан кешкен, талай елең етер оқиғаларды оқырманына ізін суытпай жеткізе білген, оларды қаз қалпында тарих жылнамасына жазып қалдырған ақпараттар ағынының бәйтерегі. Әсіресе, соңғы жылдар еншісінің жөні бөлек. Бірнеше тілде хабар тарату жолға қойылды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса бермек. Әсіресе тағдыр тәлкегімен әлемнің түкпір- түкпіріне тарыдай шашылған қандастарымызды отанында болып жатқан оқиғалар туралы күн сайын хабардар етіп отыру, үлкен жетістік деп бағалар едім. Осындай құт-береке дарыған ұжымдардың бірінде еңбек ету маған үлкен жауапкершілік жүктейді.

- Соңғы жылдарда «ҚазАқпаратта» болған өзгерістер жайында естелік айтсаңыз...

- Басқаны қойып, осыдан небәрі 15-20 жыл бұрынғы ҚазАқпараттың жағдайын еске алайықшы. Техникалық құралдармен жабдықталуы қалай еді? Оған өздерің де куәсіңдер. Бұл ел еңсесін енді көтерген кезең еді. Күн сайын демей-ақ қояйын, апта ішінде алқалы жиындар, саммиттер, әр саладағы халықаралық конференциялар ұдайы өтіп жататын. Елбасының да егемен еліміздің шет елдермен жан-жақты іскерлік ынтымақтастығын жолға қою мақсатындағы сапарларының да жиілеген тұсы еді ол шақ. Осы тұста ҚазАқпараттың техникалық жағынан кемшін түсіп жатқаны анық байқалды. Оқиға орнынан тілшілеріміздің шұғыл ақпарат беруі кешеуілдеп те қалатын. Олар тек телефон арқылы ғана байланысқа шығатын. Онда да жалғыз телефон. Кезекке тұрып беруші еді. Кейбірі тіпті жұмыс орнына келген соң дайындаушы еді. Шет елдерден хабар берудің машақаты аз болған жоқ.

Ал қазір қиындықтың бәрі артта қалды. Тіпті көршілес елдерге қарағанда көш ілгері кеттік. Олардың басым бөлігі тәулік бойы өз оқырмандарына ақпарат легін таратып жатқан жоқ. Агенттіктердің көпшілігі әзірге біз тәріздес бірнеше тілде жаңалықтар, сүйекті материалдар дайындап жатқан жоқ. Кезінде тағдыр айдап қиыр-қиырға тарыдай шашырап кеткен қандастарымыз және жұмыс бабымен сан елдерде жүрген қазақстандықтар үшін, сондай-ақ шетелдегі инвесторларға арнап жаңалықтарды бірнеше тілде дер кезінде жеткізіп жатқан да ҚазАқпарат.

Осы арада айта кетер бір жайт, ұжымның заманауи техникалық құралдармен жабдықталуы. Соның арқасында оқиға орнынан сол сәтте, ізін суытпай шұғыл түрде ақпарат жеткізу, оған қоса фото жүктеу қалыптасқан жағдайға айналды. Шүкіршілік, қаламы жүйрік журналистеріміздің де бүгінде ақпарат айдынында жарқырап көрініп жүргені рас. Оған ҚазАқпарат ұжымының, журналистеріміздің Мемлекет басшысы, Үкімет, өзге де министрліктер тарапынан дүркін-дүркін марапатқа ие болуы дәлел.

- «ҚазАқпарат» агенттігінің өзге әріптестермен байланысы мен ынтымақтастығы жайлы не айтасыз?

- 1840 жылы француз жазушысы Оноре де Бальзак баспасөзді «төртінші билік» деп атаған болатын. Бұның шындық екеніне дау жоқ. Өйткені көптеген елдерде журналистер тарапынан көтерілген мәселелер аяқсыз қалмайды. Осындай өткірліктің, пәрменді істердің арқасында жұртшылық тарапынан ақпаратқа деген сұраныстың еселеп артары да шындық.

Бүгінде 100 жылдық мерейтойын атап отырған «ҚазАқпарат» төрткүл дүниеге танымал агенттіктермен ынтымақтастық орнатқан. Өзара ықпалдастық нығая түсуде. Осындай қарым-қатынастардың нәтижесін де көріп жүрміз. Алдағы уақытта өзара тәжірибе алмасу, жұмыс процесіне соңғы буынды технологияларды енгізу қадамдары тереңдей түседі деген ойдамын.


Соңғы жаңалықтар