Ерлан Қарин Ұлттық кеңестің 1-отырысынан кейін атқарылған жұмыстар жайында есеп берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 1-отырысынан кейін атқарылған жұмыстар жайында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысынан кейінгі үш айдың ішінде ауқымды жұмыс жүргізілді. Ең алдымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері айтқан барлық ұсыныстар жинақталып, біртұтас жоспарға енгізілді. Бұл жоспарға 70-ден астам тармақ қарастырылған. Осы уақыт аралығында берілген бағыттар бойынша белсенді жұмыс атқарылды. Атап айтқанда негізгі жұмыс үш бағытта ұйымдастырылды», - деді Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 1-отырысында.

Оның атап өтуінше, біріншіден, Президент Әкімшілігінің басшысы, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары деңгейінде және Премьер-Министрдің орынбасары деңгейінде жұмыс жиналыстары өткізілді. Ол жиналыстарға Ұлттық кеңес мүшелері, мүдделі мемлекеттік органдардың мүшелері қатысып, саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларда ұсынылған реформалар аясындағы жекелеген сұрақтарды қарады. Берілген мерзім шегінде жоғары деңгейде Ақорда мен Үкімет үйінде 18 жұмыс жиналысы мен түрлі талқылаулар ұйымдастырылды.

«Екіншіден, Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын іске асырудың нақты тетіктері мүдделі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары деңгейінде талқыланды. Атап айтқанда, Мәдениет және спорт, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктері және Бас прокуратурада. Үшіншіден, Мемлекет басшысы ұлттық кеңес мүшелерімен жеке кездесулерді де өткізді. Бүгінгі күнге дейін осындай кездесулердің 16-сы өтті. Бұл кездесулер ары қарай да жоспарланған. Президентпен кездесу кезінде ұлттық кеңес мүшелері тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстар атқарушы органдар деңгейінде қаралып, олармен кері байланс қамтамасыз етілді. Жоспарға кірген әр тармақ Президент Әкімшілігімен, мемлекеттік органдардың өкілдерімен заңдық, эконимкалық және халықаралық стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан сарапталып, нақты тұжырымдар дайындалды. Айтылған бағыттар одан ары жалғасады және Ұлттық кеңестің қызметін үйлестіру жұмысы хатшылық тарапынан қамтамасыз етіледі», - деді Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында.

Соңғы жаңалықтар