Ерлан Қарин Ұлттық кеңес отырысында көтерілген ең негізгі бастамаларды атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қоғам қайраткерлері мен биліктің өзара іс-қимылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» жұмыс істеп тұрғанын айғақтайды. Ұлттық қоғамдық кеңесінің бесінші отырысы жөнінде Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Ұлттық кеңестің бесінші отырысы өтті. Кездесудің бірінші бөлігінде Ulttyq keńesтің жұмыс тобының өкілдері атқарылған жұмыстар туралы қысқаша есеп берді. Марат Шибұтов, Қайырбек Арыстанбеков, Эмин Әскеров және Максим Рожин өз баяндамаларында Ұлттық кеңестің бастамалары қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы айтып, кейбір ұсыныстарын ортаға салды», - деп жазды Ерлан Қарин Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, отырыстың екінші бөлігінде Мемлекет басшысы бірнеше бағыт бойынша ауқымды бастамалар пакетін ұсынған. Ерлан Қарин бұл ретте Елбасының ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен компанияларға сатуға және жалға беруге тыйым салуды заңдастыруға қатысты тапсырмасын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы аудан әкімдерін тікелей сайлау арқылы анықтау туралы да сөз қозғады. Бұл – саяси жаңғыру жолындағы айтарлықтай салмақты қадам.

Сонымен бірге Мемлекет басшысының басқа да маңызды және өзекті бастамалары назар аударуға тұрарлық.

Ол бастамалар шартты түрде бес блокқа бөлінеді: тұрғын үй-экономикалық саясатты жетілдіру, білім беру мәселелері, инклюзивті қоғамдық ортаны құру, адам құқықтарын қорғау және саяси реформаларды дәйекті түрде жүзеге асыру.

Ерлан Қарин көтерілген бастамаларды былайша ерекшелеп атап өтті:

- «Нұрлы жер» бағдарламасының бағалары бойынша тұрғын үйді кейіннен сатып алу үшін құрылыс салушылармен оффтейк-келісімшарттар жасасу арқылы жаңа бюджеттік санаттағы тұрғын ауданын құру;

- жұмыс берушілердің өз жұмыскерлеріне тұрғын үй салуға кеткен шығындарының 50% -на дейін мемлекет бюджетінен өтеу арқылы ауылды жерлерде тұрғын үй құрылысы мәселесін шешу;

- медициналық ЖОО-лардағы стипендия мөлшерін ұлғайту;

- тек медициналық мекемеге хабарласу арқылы мүгедектікті анықтау процедурасын жеңілдету;

- 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу;

- 14 жаһандық индикаторға негізделген адам құқықтарының сақталуын бағалаудың ұлттық индикаторларын енгізу;

- заңды тұлғалардың кәмелетке толмағандардың құмар ойындарға қатысқаны немесе оларды соған жібергені үшін ойын бизнестерінің лицензиясын тоқтатуға дейін әкімшілік жауапкершілікті енгізу;

- Ішкі істер министрлігі жанындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің штаттарын қалпына келтіру;

- барлық «көрінбейтін» аймақтарды және басқаларын қамтуды көздейтін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде және полиция бөлімшелерінде бейнебақылау жүйесін енгізу бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу.

«Айта кетерлігі, бүгінгі бастамалардың көбі Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде тұжырымдалды. Президенттің өз сөзінде Ләззат Қожахметті, Айман Омарова, Арман Қашқынбеков, Гүлмира Илеуова, Айгүл Орынбек және Рахим Ошақбаевты атап өтуі тегін емес. Қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен билік органдарының өзара іс-қимылының бұл форматы іс жүзінде «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» жұмыс істеп тұрғанын айғақтайды», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар