Ерлан Қарин: Бейбіт жиындар туралы заң жобасы - саяси процестерді либерализациялауда айтарлықтай алға жасалған қадам

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин Telegram парақшасында Мәжіліс мақұлдаған бейбіт жиындар туралы заң жобасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше Мәжіліс екінші оқылымда бейбіт жиындар туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл түбегейлі түрде жаңа заң екенін атап өту керек. Қазір қолданыстағы заң 1995 жылы қабылданған болатын. Бейбіт жиындар туралы заң жобасын жетілдіру қажеттігін 2019 жылдың қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы кезінде айтқан еді. Арада көп өтпей Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында жаңа заң аясында хабарландыру (ескерту) қағидатын енгізу керектігін мәлімдеді», - деп жазды Ерлан Қарин.

Президенттің кеңесшісі 2020 жылдың қаңтар айында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасын қоғамның талқылауына шығарғанын, осы тұста қоғам өкілдері мен сарапшылардың, құқық қорғау саласындағы мамандардың ұсыныстары мен ескертуі назарға алынғанын жазады.

«Осыдан кейін Мәжіліс аталған заң жобасын жұмыс барысына қабылдады. Жұмыс тобына белгілі құқық қорғау саласының мамандары, заңгерлер, қоғам қайраткерлері мен Ұлттық кеңес мүшелері енді. Күн сайын пікірталас жүріп жатты. Ақырында Мәжілісте аталған заң жобасына айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Яғни әрбір кезеңде заң жобасына өзгеріс енгізіліп, негізгі нормалар мен тәртіптер айқындалды. Жаңа заң жобасының концептуалды тұрғыда либералдық сипатқа ие екенін атап өту керек. Мәселен хабарландыру уақыты қысқартылып, заңмен тыйым салынбаған кез келген жерде пикет ұйымдастыруға рұқсат беріліп, құжаттардың бәріне талаптар қысқартылды. Журналистердің жұмысын реттейтін нормалардың бәрі алынып тасталды. Одан бөлек талқылау барысында Ұлттық кеңес мүшелері берген ұсыныстар да енгізілді», - дейді ол.

Ерлан Қариннің жазуынша Президенттің бастамасы бойынша аталған заң жобасында митинг өткізуде рұқсат алу қағидаты алынып тасталып, ескерту тәртібі бекітілген.

«Бұл – түбегейлі түрде жаңа амал. Сол себепті аталған заң жобасы - елдегі саяси процестерді ары қарай либерализациялауда айтарлықтай алға жасалған қадам әрі ол қоғамдық-саяси қарым-қатынас қағидаттарының тың қағидаттарын қалыптастырады», - деп жазады Мемлекет басшысының кеңесшісі.


Соңғы жаңалықтар