Ерлан Қарин: «Бейбіт жиындар туралы» заң — қоғамды демократияландыру бағытындағы маңызды оқиға

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Мемлекет басшысы қол қойған «Бейбіт жиындар туралы» жаңа заңға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы «Бейбіт жиындар туралы» жаңа заңға қол қойды. Бұл Ұлттық кеңестің аясында ұсынылып, дайындалған президенттік саяси реформалар пакетінің алғашқы үлкен нәтижелерінің бірі. Тұңғыш рет ұлттық заңнамада бейбіт жиындар мен шерулерді өткізуде рұқсат алу тәртібінің орнына хабарландыру тәртібі енгізіліп отыр» деп жазды ол.

Сондай-ақ, Ерлан Қарин жаңа заңға сәйкес әрбір қаланың аудандарының орталығында міндетті түрде үш орын берілетінін айтты. Одан бөлек, егер жиын я шеру барысында заң бұзушылық орын алып, ұйымдастырушылар тарапынан тиісті шаралар қабылданса, ол жиын тоқтатылмайтынан, яғни жаңа заң азаматтарға бейбіт жиынды өткізудегі құқығын басымдық ретінде бекіткенін атап өтті.

«Бұл заңның қабылдануы еліміздің саяси қоғамдық өмірінің одан әрі демократияландыру бағытындағы маңызды оқиға болып табылады. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің нәтижелі жұмысының айқын көріністерінің бірі. Ұлттық кеңестің мүшелері аталған заңның дайындалуынан бастап, талқылаулардың барлық сатыларына белсене ат салысып, заң жобасының жетілдіруіне үлкен үлес қосты. Сондықтан осы заңның қабылдануымен Ұлттық кеңестегі әріптестерімді де құттықтап, алғысымды білдіремін» деп пікір білдірген өз жазбасында.


Соңғы жаңалықтар