Ерлан Қарин: Әкім сайлауы мемлекеттік басқару жүйесіндегі институционалдық өзгерістерге бастау болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин кешегі өткен әкімдер сайлауының стратегиялық маңыздылығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірлік ақпарат ресурстарында ел тарихында алғаш рет өткен ауыл әкімдері сайлауының алғашқы нәтижелері жариялана бастады. Бұл маңызды оқиғаны әуел бастан көптеген сарапшылар назарда ұстады. Сондықтан, осы сайлаудың қорытындыларын сарапшылар егжей-тегжейлі зерделеп, нәтижесі отандық ақпарат құралдарында жан-жақты баяндалатынына сенімдімін», - деп жазы ол Telegram парақшасында.

Ерлан Қарин аталмыш саяси науқанның стратегиялық маңыздылығына айғақ болатын бірнеше жайтты атады.

«Біріншіден, бұл сайлау жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі институционалдық өзгерістерді бастады. Олар келешекте мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасын байыппен айқындайтын сапалы жаңа ортаның негізін қалайды.

Екіншіден, бейбіт жиындар туралы жаңа заңды қабылдаумен, сайлау және саяси партиялар туралы заңнаманы жетілдірумен қатар, әкімдердің тікелей сайланбалылығын енгізу қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен саяси белсенділігін арттыруға ықпал етеді», - деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, бұл сайлау Президент белгілеген мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын дәйекті қалыптастыруға, мемлекеттік аппарат жұмысындағы тәсілдерді заман талабына сай жетілдіруге бағытталған.

«Осы тұрғыдан алғанда кешегі сайлау ауыл әкімдері корпусының айтарлықтай жаңаруына, мемлекеттік қызметке жаңа тұлғалардың келуіне ықпал етеді. Осының барлығы жиынтығында жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінің одан әрі дамуына оң серпін береді. Жалпы, бұл сайлау Мемлекет басшысының жүйелі саяси өзгерістерді жүзеге асыруға бағытталған бағытының дәйектілігін тағы да растады. Сол арқылы Президенттің барлық бастамалары мен шешімдері қоғамда кең қолдау таба отырып, кезең-кезеңмен іске асып жатқанын көрсетті. Тек саяси реформалар бойынша ғана Президенттің бастамасымен екі жыл ішінде 10 заң қабылданды. Тағы бірнеше заң жобасы түрлі сатыда қаралып жатыр», - деп түйіндеді Ерлан Қарин.


Соңғы жаңалықтар