Ерлан Байдәулет Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының бас директоры болды

None
None
ЖИДДА. ҚазАқпарат - Ерлан Байдәулет Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының бас директоры болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

27-29 тамызда Сауд Арабиясында «Азық-түлік қауіпсіздігі арқылы исламдық ынтымақтастықты арттыру» тақырыбында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы Бас ассамблеясының (АҚИҰ) 2-ші сессиясы өтті. Қазақстан делегациясын Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров басқарды.


«Сессияның күн тәртібіне сәйкес ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйі туралы мәліметтер базасын құру мен ұйым кеңістігіндегі ынтымақтастықты ынталандыру үшін аймақтық азық-түлік қауіпсіздігі резерві, астық қорын құруға бағытталған 3 жылдық іс-шара жоспарын әзірлеу мен АҚИҰ инвестициялық бағдарламасының енгізілуі сияқты мәселелер қарастырылды», делінген хабарламада.

Отырыстың қорытындысы бойынша Қазақстан өкілі Ерлан Байдәулет осы ұйымның жаңа Бас директоры болып сайланды. Сондай-ақ Қазақстан, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Буркина-Фасо, Гамбия және Бангладештің ауыл шаруашылығына жауапты министрліктерінің өкілдері АҚИҰ Атқарушы Кеңесінің мүшелері болып сайланды.

Сонымен қатар, іс-шара барысында Нигерия АҚИҰ жарғысына қол қойып, ұйымның 34-ші мүшесі болды.

АҚИҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған қорытынды құжатта қатысушылар ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мұсылман әлемінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ерекше ролін жоғары бағалады.

Сонымен қатар, ұйым мүшелері Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа, Үкіметі мен халқына АҚИҰ қызметін мен дамуына көрсетіп отырған қолдаулары үшін алғыстарын білдірді.

Бұған қоса қатысушылар АҚИҰ-ның құрылымдық дамуына көмек ретінде 2 млн. АҚШ долларын бөлу жөніндегі шешімі үшін Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел-Азиз Әл Саудқа ризашылығын айтып, Жиддада өткен Бас Ассамблеяның 2-ші сессиясы ұйымның нығаюы мен қалыптасуына үлкен серпін беретінін атап өтті.

Басқосу барысында Астық қоры және Аграрлық өндірушілердің исламдық бірлестігін құру туралы Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров көтерген бастамалар қолдау тапты. Бұған қоса, мұсылман елдеріне гуманитарлық астық және құрбандық мал жобаларын жүзеге асыру, мұсылман елдерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында исламдық қаржыландыру банкингінің тетіктерін, халықаралық зекет, садақа қорларының мүмкіншіліктерін және осы салалардағы заманауи озық ғылыми технологияларды пайдалану сияқты қазақстандық бастамалардың өзектілігі айқындала түсті.

Іс-шара аясында министр С.Омаров бірқатар елдердің делегациялары басшыларымен екіжақты келіссөздер өткізді.

Атап айтқанда, Сауд Арабиясының Қоршаған орта, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдрахман әл-Фадлимен, Бангладеш Республикасының Азық-түлік министрі С.Г.Мажумдермен, Мысыр Араб Республикасының Ауыл шаруашылығы және мелиорация министрі А.Сатитпен, Ауғанстан Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы, ирригация және мал шаруашылығы министрі Н.Дуранимен, сондай-ақ, Түркия, Индонезия делегацияларының басшыларымен және Саудтық ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық компания басшысы М.Женсенмен кездесті. Олардың барысында АҚИҰ шеңберінде өзара ынтымақтастықты дамыту, ұйым қызметін белсендіру бойынша пікір алмасылып, екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық байланыстарды, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы өзара ықпалдастықты кеңейту жолдары қаралды.



Соңғы жаңалықтар