«Ерікті киберсақтандыру» қызметі енгізіледі – Асқар Жұмағалиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес әзірленді.

«Өздеріңізге белгілі, Елбасының бастамасымен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама 2 жыл ішінде елімізді цифрландырудың драйверіне айналды. Осыған орай, заң жобасы цифрландыру процесін одан әрі жылдамдатуға үлкен серпін береді. Құжат, ең алдымен, цифрлық технологияларды дамытуға, сондай-ақ, оларды қолданумен байланысты қатынастарды реттеуге бағытталған», - деді Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Асқар Жұмағалиев.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Цифрландыру жөніндегі отырыста барлық құжат айналымын электрондық форматқа көшіру туралы тапсырма берген болатын. Бұл мәселені шешу тәсілдерінің бірі - Цифрлық құжаттар сервисін енгізу. Аталған сервис «Мобильді үкімет» қосымшасында көрсетіледі. Яғни, азаматтарға қағаз түріндегі құжатты ұсынбай-ақ қызмет алуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, Цифрлық құжаттар сервисін заңнамалық түрде айқындау ұсынылады.

«Екіншіден, цифрландыру нәтижесінде талдауды қажет ететін үлкен деректер қоры қалыптасты. Осыған байланысты, заң жобасымен «Үлкен деректерді» талдау тетігін реттеу ұсынылады.

Осы тетікті енгізу Smart Data Ukimet жобасы негізінде экономикалық көрсеткіштерді талдау арқылы тиімді Үкімет шешімдерін қабылдауға мүмкіндік береді. 2018-2019 жылдары Smart Data Ukimet жобасы аясында қаржы, білім беру, әлеуметтік және денсаулық сақтау салаларында 187 млрд теңге шамасында экономикалық әсер берді. Атап айтсам, қаржы саласында қосымша түсімдер, денсаулық сақтауда дәрілік заттарды оңтайлы бөлу арқылы болды. Осындай нақты мысалдар білім беру, әлеуметтік салаларда да экономикалық әсерін көрсетті. Біз бұл жұмысты басқа да мемлекеттік органдармен жалғастыратын боламыз», - деді министр.

Үшіншіден, цифрлық технологияларды енгізу - азаматтардың дербес деректерін қорғауды талап етеді. Осы орайда дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органды анықтау ұсынылады.

«Сондай-ақ, осы деректерді қорғау сервисін енгізу қажет деп санаймыз. Сервис азаматтарды оның деректерімен жасалатын іс-әрекеттер туралы хабардар етуге мүмкіндік береді. Одан басқа, осы саладағы жаңа сақтандыру түрі ретінде «Ерікті киберсақтандыру» қызметі енгізіледі. Өздеріңізге белгілі, азаматтардың дербес деректерін қорғау - мемлекет парызы», - деді Асқар Жұмағалиев.


Соңғы жаңалықтар