Ералы Тоғжанов: Үнді штамына геномдық зерттеу толық аяқталған жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада анықталған коронавирустың «дельта» штамына геномдық зерттеу толық аяқталған жоқ. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңға айда коронавирус инфекциясымен ауру деңгейі 1,7 есеге төмендеді. Стационарлық емделудегі науқастар саны 2,1 есеге, ал амбулаторлық емделудегі науқастардың саны 1,7 есеге азайды. Инфекциялық төсек-орындардың қоры жеткілікті. Олардың бүгінде 25 пайызы, ал реанимациялық төсек-орындардың 21 пайызы ғана қолданыста. Бұған халықтың вакцинациялау іс-шаралары мен эпидемияға қарсы қабылданған нақты шешімдердің бәрі ықпал етті деп айтуға толықтай негіз бар», - деді Үкімет басшысының орынбасары Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Дегенмен, оның айтуынша, бүгінде әлемде ауру санының кезекті рет артуы байқалуда. Оның ішінде аурудың жаңа штаммдары да көптеп таралуда.

«Нұр-Сұлтан қаласында COVID-19-бен ауру деңгейінің өсуіне байланысты вирустың мутацияға ұшырау ықтималдығына қатысты скрининг жүргізілген. Алдын ала нәтижелері вирус мутациясының анықталғанын және ол «дельта» штамына, яғни Үнді штамына тән екендігін көрсетті.

Денсаулық сақтау министрлігінің жуырда жасаған мәлімдемесінде айтылғандай, түпкілікті қорытынды толық геномдық зерттеу аяқталғаннан кейін белгілі болады. Бұл штамм көрші елдерде де анықталған. ДДСҰ мәліметтеріне сәйкес, «дельта» штамы бүгінде әлемнің 74 елінде анықталып отыр», - деді Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, 22 маусымда елордада коронавирустың үнді штаммы анықталды. Коронавирустың «дельта» штаммы жоғары жұқтырғышқа ие және штамм анықталған науқастардың 60 пайызында 7 күнге дейінгі барынша қысқа инкубациялық кезеңімен ерекшеленеді.
Соңғы жаңалықтар