Ералы Тоғжанов бірқатар дәрігерге мемлекеттік наградаларды табыс етті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммитінде бірқатар медицина қызметкеріне мемлекеттік наградалар табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздер күн сайын адамның тууымен және өлімімен бетпе-бет кездесесіздер. Сіздердің жұмыстарыңыз үнемі алаңмен өтеді, ерлікті талап етеді. Короновирус пандемиясы кезіндегі жұмыс оған мысал бола алады. Баршаңызға күнделікті жұмыс орнында көрсететін кәсібилік, табандылық пен жанқиярлық үшін алғыс айтқым келеді. Еңбекте табыс пен жоғары жетістіктер тілеймін. Отбасыңызға денсаулық, бақыт және амандық тілеймін. Біздің ортақ міндетіміз – ауруларға тосқауыл қою, жұқпалы аурулардың пайда болуына жол бермеу және барлығына көмектесу. Өз кезегімізде біз сіздерді қолдау үшін және еңбектеріңізді жеңілдету үшін бар күш - жігерімізді саламыз», - деді Е.Тоғжанов.

Осылайша, денсаулық сақтау саласын дамытуға сіңірген еңбегі және белсенді қоғамдық қызметі үшін «Құрмет» ордені «Геном» клиникасының бас дәрігері, репродуктолог-дәрігер Баян Әбілмановаға; «Астана» медицина университетінің ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі Баян Айнабековаға; А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бөлім басшысы Талғат Демеуовке; М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан университетінің балалар хирургиясы кафедрасының профессоры Болат Женалиевке табысталды.

Сондай-ақ «Құрмет» орденін Ұлттық нейрохирургия орталығының Жұлын нейрохирургиясы және шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Талғат Керімбаев; «Астана» медициналық университетінің хирургиялық аурулар, бариатикалық хирургия және нейрохирургия кафедрасының профессоры Орал Оспанов; Ғ. Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық перинаталдық орталығының аға медбикесі Гуля Оспанова; Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының дәрігер-реаниматологы Айман Темірғалина және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Алтай Оразбағамбетов алды.

Денсаулық сақтау саласындағы белсенді және жемісті қызметі, мейірімділігі және қайырымдылығы үшін «Шапағат» медалімен Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың урология бөлімінің меңгерушісі Ербол Ысқақов марапатталды.

Сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы еңбектегі жетістіктері үшін Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасының директоры Ерлан Бүркітов «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.

Бұған дейін Қазақстанның үздік медициналық ұйымдары ALTYN SHIPAGER мүсіншесімен марапатталған еді.


Соңғы жаңалықтар