Ералы Тоғжанов Атыраудағы коронавирустың екінші толқынына дайындықты тексерді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлердің эпидемиологиялық жағдайымен және коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындығымен танысу мақсатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Атырау облысына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол өткізген жедел кеңесте Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық туралы баяндады.

Ералы Тоғжанов өңір басшылығына эпидемиологиялық ахуалды, халықты және медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен, сондай-ақ өкпені жасанды желдету аппараттарымен, оттегі концентраторларымен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшылығына карантин режимін сақтау қажеттілігі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Премьер-Министрдің орынбасары жұмыс сапарының аясында 200 төсек-орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысының барысымен танысты. Облысты дәрі-дәрмекпен қамтудағы тұрақтандыру қорына, аймақтың дәріхана желілеріне 42 атау бойынша дәрілік заттарды жеткізетін «Іңкәр» ЖШС қоймасына барды. Бұдан соң Атырау қаласындағы №4 емханада болды. Келушілердің температурасын автоматты түрде өлшейтін роботты іске қосқан емханада 343 медицина қызметкері жұмыс істейді.

Е.Тоғжанов өңірде «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы»

бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан алты жолақты автожолдың құрылыс жұмыстарының сапасымен, 600 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты.


Соңғы жаңалықтар