Ералы Тоғжанов ашаршылық құрбандарының тізімін жасау жұмыстарына қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ашаршылық құрбандарының тізімін жасау жұмыстарына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ғалымдар саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары аясында ашаршылық құрбандарының тізімін жасау жұмыстарын қолға алу ұсыныстарын айтып жүргендігі туралы сөз болды. Сондай-ақ, комиссияның ашаршылық құрбандарының толық тізімін жасауға кірісу мүмкіндігі сұралған болатын.

Өз кезегінде Е.Тоғжанов ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы ашаршылық кезеңі зерттеумен тікелей қамтылатынын айтты. Яғни бұл жұмыс комиссияның негізгі бағыттарының бірі.

«Дегенмен толық тізім жасауда күрделі мәселелер де баршылық. Еліміздегі азаматтарды құжаттандырудың мәселесі 35-36 жылдарда ғана басталғанын ескеруіміз керек. Бұл тұрғыда деректерді толықтай қамту оңай емес. Атап айтқанда, ғалымдардың арасында да деректер әртүрлі. Сондықтан олардың барлығын комиссия өз жұмысы барысында нақтылайды деген сенімдеміз», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Сонымен қатар Е.Тоғжанов ХХ ғасырдың сол кезеңінен куәгерлердің қалмауы зерттеу жұмыстарын қиындататынын айтты.

«Куәгерлердің өзі жоқтың қасы. Сондықтан бұл тұрғыда комиссия, ғалымдар тиісті жұмыстарды атқарады. Өңірлерді аралау керек болады», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссияның міндеттерін атады.

Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында жұмыс істейтін ғалымдар бекітілгенін айтты.



Соңғы жаңалықтар