Ералиевтер әулеті отандық күріш өндірісінің дамуына сүбелі үлес қосып жүр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Абзал және Компания» серіктестігі – аграрлық сектордағы, атап айтқанда, Қазақстандағы күріш өнеркәсібіндегі қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі. Компания осындай кең танымалдылыққа негізін қалаушы - Абзал Ералиевтің арқасында ие болды. Ол отандық күріш өндірісіне баға жетпес үлес қосқан адам. Қазір оның жұмысын ұлы – Мағжан Ералиев жалғастыруда. Бала кезінен бастап бойына әкесінің жақсы қасиеттерін сіңірген ол отбасылық бизнесті өз деңгейінде жалғастыруға тырысуда. Компанияның бас директоры, меценат Мағжан Ералиев «ҚазАқпарат» тілшісіне компанияның күріш өндірісімен қалай айналысатындығы, қайырымдылық жобалары және ұлын тәрбиелеудегі әкенің рөлі туралы айтып берді.

Абзал Ералиев – «Абзал және компания» серіктестігінің негізін қалаушы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Ол тек күріш өндіріп қана қоймай, өзінің туған жері – Нағи Ілиясов ауылының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан қамқор жан. Мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, спорт кешені, мешіт, монша, балабақша салу, мәдениет үйінің құрылысын аяқтау – Абзал Ералиевтің аймақ дамуына қосқан үлесі.

- Сіз әке ісін жалғастырудасыз. Бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Осы істі қалай жалғастырудасыз? Бұл тек жұмыс емес, әкеңіздің аманаты, бастаған ісі емес пе...

- Әкем жұмыс барысымен Нұр-Сұлтан қаласына ауысып кеткендіктен, оның ісін жалғастырып, «Абзал және К» компаниясының директоры қызметін атқарып келемін. Бұған дейін осы компанияда логист болып еңбек еттім. Күрішті вагондап тиісті жерге жіберіп, яғни тауар жеткізуші болдым.

Одан кейін құрылыс заттарын тасумен айналысып, зауыттың менеджері болдым. Кейін компания басшысының орынбасары болсам, қазіргі уақытта директоры қызметіне ауыстым. Бұл – үлкен кәсіп, үлкен жұмыс. Әкемнің отбасылық кәсібі ретінде тапсырған аманаты. Оны алып жүріп қана қоймай, дамыта түсуіміз керек.

- Осы компанияға өзіңіз директор болғалы қандай жаңашылдық енгізіп, қандай нәтижеге қол жеткіздіңіз?

- Қазіргі таңда кадрымыздың мықтылығының, жақсы мамандардың жұмыс істеуінің арқасында бұл кәсіпті жаңа сатыға көтердік. Бұл жерде екі жағдайға мән беріп қарауға болады: бірінші – көрсеткіштер, яғни біздің жинайтын күрішіміздің ең жоғары көлемі 53 мың тонна болса, компанияға жас буын келгелі 70 тоннаға дейін жетті.

А йтып өтуге болатын екінші жағдай, 2019 жылдың қыркүйек айында күріш зауытын іске қосқан болатынбыз. Ол Қазақстандағы алғашқы цифрлық күріш зауыты болып саналады. Кабинетте 4 монитор болады, ол батырма арқылы басқарылады.

Зауытта болып жатқан жұмысқа сол мониторлар арқылы бақылау жүргізіліп отырады, яғни қанша тонна қара күріш, қанша тонна ақ күріш шаққанын, қай жерде қандай ақау болып жатқанын көріп отыруға болады.

- Жұмыс барысында қандай ережені басшылыққа аласыз?

- Ең бастысы – қызметкерлердің тәртіпке бағынуы, яғни жұмысқа уақытылы келіп, уақытылы қайтуы маңызды. Екіншіден, мықты мамандарға инвестиция жасауымыз керек, яғни олардың жағдайын жасап, жалақыларын уақытылы төлеп, шетелде біліктіліктерін арттырып келуге мүмкіндік берсек – олар жұмыс берушінің үмітін ақтайды.

Олар өнімнің сапасын арттыру бағытында бар күшін салады. Одан кейін жұмысын адал атқаратындарға мотивация беріп, сыйақы аударып отырамыз. Жазда ондай қызметкерлердің балаларын лагерьге жіберіп тұрамыз.

- Әкеңіздің бойында бағалайтын ерекше қасиет.

- Әкемнің бойындағы адалдық қасиетін, ниетінің түзулігін жоғары бағалаймын. Ол мейірімді адам. Ол өз кәсібін дөңгелетуді ғана ойламай, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, мүмкіндігі жеткенше көмектесіп тұрады. Әкем өте еңбекқор адам, демалыс күндері де ол ерте тұрып, күріш алқабына барып, жұмысшыларды қадағалайтын.

Ол маған жас кезіңде тыным таппай еңбек етсең, кейін соны жемісін жейтініңді айтып отырады. Сондай-ақ, әкем қонақжай адам. Ол үйге келген қонақты бар көңілімен қарсы алып, мол дастархамен қарсы алады. Мен де оның ұстанымдарын өз өмірімде қолданамын.

- Жоғарыда айтып өткеніңіздей, сіздер қайырымдылық шараларымен айналысатындарыңызды білеміз. Пандемия кезінде де, оған дейін де қайырымдылық шараларына баса назар аудардыңыздар. Неліктен осындай игі істермен айналысуға бел будыңыз?

- Қайырымдылық шараларымен айналысуды жалғастыра беремін. Бұл – әкеміздің тәрбиесі, бұл қасиет оның бойынан біздің бойымызға дарыған. Халықтың жағдайының жақсы болуы ауылдың жағдайының жақсы болуынан басталады.

Әкем туған-туыс, дос-жаран, таныстарына да қол ұшын созып келеді. Үлкен кәсіппен айналысатындықтан, бізде мұқтаждарға көмектесу мүмкіндігіміз де көп. Көмек сұраған адамның сұранысын 100% қанағаттандыру мүмкін емес, бірақ қолдан келгенше қаржылай да, басқа жағынан да көмектесеміз.

- Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

- Өмірлік ұстанымым – қолға алған іске адал болу. Қандай кәсіп түрімен айналыссақ та берекелі кәсіп түрімен айналысамыз, яғни ішімдікке, түнгі клуб сияқты адам тағдырына жаман әсер ететін салаға бет бұрмаймыз.

- Праймеризге қатысып жатырсыз. Қандай жобаларды жүзеге асырмақшысыз? Қатысудағы мақсатыңыз қандай?

- Праймеризге қатысудағы мақсатым – еліме, жеріме, Сыр өңіріне кішігірім болса да көмегімді тигізу. Облыс көлемінде туындаған халықтың сұрақтарын, ұсыныстарын билік басындағы атқарушы органдарға дұрыс жеткізіп, дұрыс шешімін табуға үлес қосу. Мен жастар арасындағы тұрғын-үй мәселесін шешкім келеді.

Бастапқы жарна мөлшерін төмендетіп, жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтер беру мәселесін көтергім келеді. Мұндай бағдарлама еліміз бойынша, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында бар, енді осы бағдарламаны Қызылорда облысының жастары үшін де қолжетімді еткізгім келеді.

Үй алғанда бастапқы жарна ретінде 1,5-2 миллион теңге жинау оңай емес, сол себепті бастапқы жарнаны 20%-дан 3-5%-ға дейін түсіру бағытында жұмыс істегім келеді. Праймеризге қатысты «Жеңіске 5 қадам» деген жеке бағдарламам бар.

Бірінші қадам денсаулық саласына, екінші қадам руханиятқа, үшінші қадам білімге, төртінші қадам тұрғын үйге, бесінші қадам кәсіпкерлікк байланысты.

ҚР жастар саясаты туралы заңнамасына «Жас кәсіпкер» деген мәртебе енгізіп, осы мәртебе арқылы мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдіктерін алу бағытында жұмыс істей аламыз.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Соңғы жаңалықтар