Эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қытайға жүк жөнелту кешігіп жатыр - ҚТЖ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Эпидемиологиялық ахуалдың құбылуына байланысты Қытайға теміржол арқылы жүк жөнелту кешігеді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, пандемия басталғаннан бері Қытаймен арадағы жүк тасымалы өте күрделі жағдайда тұр. Былтырғы 15 қарашадан бастап олар жабық вагондарда азық-түлік жүгін қабылдауды тоқтатты. Мұны жабық вагондардың ішінде вирус қалдықтары болу ықтималдығымен байланыстырып отыр. Ақпан айының ортасынан бастап баяу болса да, қабылдай бастаған. Бүгінде қазан мен қараша айына дейін тиелген жүктерді Қытай тарапына бердік. Шекарада азық-түлік тиелген жабық вагондар қаңтарылып тұрған жоқ. Бірақ Қытай теміржолшылары, Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының үкіметі азық-түлік қапталған жабық вагонда жөнелтуге тыйым салды», - дейді Қ.Әлмағамбетов.

Ұлттық компания өкілі осы шектеуге байланысты қазақстандық жүк жөнелтушілер азық-түлік тауарларын Қытай тарапына керілмелі вагондар (бинбег-вагондар) арқылы жөнелтуге қам жасап жатыр.

Ал азық-түлік түріне жатпайтын жүктерге ешқандай тыйым жоқ көрінеді.

Дегенмен, Қанат Әлмағамбетовтің айтуынша, Қытай бойынша жалпы экспорт пен транзит бойынша проблемалар бар.

«Бұл Қытай тарапының эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылауға алуынан туындап отыр. Мемлекетаралық стансалардағы жұмысшылардың бәрі әр үш күн сайын ПТР тестілеуден өтеді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлерінсіз вагондар ашылмайды, контейнерлер қайта тиелмейді. Мұның бәрі вагондар мен пойыздардың Қытай жағуына өту қарқынына әсер етіп отыр. «Достық» станциясына бағыт алған 72 пойыз, Алакөл станциясына бағыт алған 25 пойыз қаңтарылып тұр. Бұл вагондарда негізінен мамыр-маусым айларында тиелген астық, кокс пен кен бар», - деді ҚТЖ өкілі.


Соңғы жаңалықтар